Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап. Коллектив авторов. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Коллектив авторов
Издательство: КазНУ
Серия:
Жанр произведения: Зарубежная образовательная литература
Год издания: 2016
isbn: 978-601-04-1634-5
Скачать книгу
ары, барысы, қалыптасуы және тарихтағы орны нақты қамтылған. Сонымен бірге осы империяның құрылуына байланысты Ұлы Даладағы саяси-әлеуметтік өзгерістер жаңа көзқарастармен және жаңа деректерді айналымға қосу негізінде баяндалған. Авторлар аталмыш империяға байланысты кезінде тарихымызда қалыптасқан еуроцентристік бағалауларды теріске шығаратын тұжырымдарды ұсынған. Екінші тарау Алтын Орда (Жошы Ұлысы) тарихы бойынша маңызды мәселелерді алға тартады. Онда осы мемлекеттің құрылуы, нығаюы және ыдырауы туралы жаңа қорытындылар жасалған. Қазақстан аймағының Шағатай ұлысындағы күрделі тарихы осы бөлімнің үшінші тарауына енген. Төртінші тарауда Ақ Орда, Көк Орда, Ноғай Ордасы, «Көшпелі өзбектер» мемлекеті туралы оқырманға жаңа пікірлер мен тарихи ұстанымдар алға тартылған. Аталмыш бөлімнің бесінші тарауы Қазақстанның Оңтүстік аймағында қалыптасқан Моғолстан мемлекетінің тарихын, этникалық мәселелерін, ішкі-сыртқы саясатын кеңінен әңгімелейді. Ал алтыншы тарауда ХІІІ-ХV ғасырлардағы рухани және материалдық мәдениет мәселелері қозғалады. Онда көшпелілердің исламдануы, қала мәдениетінің өркендеуі нақты баяндалған. Осы бөлімнің жетінші тарауында қазақ халқының қалыптасуының аяқталуына байланысты тың да қорытындылаушы пікірлер айтылған. Онда қыпшақтану үдерісі және исламның рөлі, «қазақ» сөзінің мәні мен мазмұны ғылыми тұрғыдан нақты талданып әңгіме болады. Бұл – бұрынғы кеңестік тарихта айтылмай немесе біржақты сипатталып келген аса күрделі мәселелер. Сондықтан да ғалымдар аталмыш тақырыпқа көп көңіл бөле отырып, осыған байланысты тарихнамада бұрын-соңды орын алған ғалымдар пікірлерін талдап, жаңа қорытындылар жасады.

      Оқулықтың екінші бөлімі Қазақстан тарихындағы хандық дәуірді жаңаша сипаттауға арналған. Бұл мәселе екі тарауды қамтыған. Алғашқы тарауда ХV-ХVIII ғасырлардағы Қазақ хандығының саяси тарихы баяндалған. Бұл тақырыптың аса маңыздылығын Қазақ хандығының 550 жылдығының мерекеленуіне байланысты мемлекеттік іс-шаралардың айқындап кеткені және белгілі. Осыны ескерген авторлар Қазақ хандығының құрылуына қатысты деректерді нақты талдап, осы мәселеге байланысты тарихнамалық зерттеулер жүргізді. Мұндайда Керей мен Жәнібектің Қазақ хандығының негізін қалаудағы қайраткерлік рөлі жан-жақты ашылды. Олар бұрын көптеген қазақ хандарының қатарында тұрған қайраткерлердің бірі ретінде бағаланып келсе, енді қазақ деген атпен тарих сахнасына шыққан халықтың алғашқы ұлттық мемлекетін құрған тарихи тұлғалары ретінде тың да жаңа бағаға ие болды.

      Оқулықта Қазақ хандығының құрылуының тарихы тиянақты баяндалып, оның негізгі кезеңдеріне шолулар жасалды. Оның құндылығын арттыра түсетін тағы бір мәселе онда алғаш рет Қазақ хандығы құрылуының тарихи маңызы қазіргі заманның тәуелсіз мемлекетінің көзімен бағаланып, тың тұжырымдармен қорытындыланды. Біздің тарихымыздағы аса күрделі этно-әлеуметтік мәселе Қазақ жүздерінің құрылуы және қалыптасуы болып табылатыны белгілі. Күні бүгінге дейін осы мәселенің төңірегіндегі әр түрлі пікірлер мен айтыс-тартыстар толастаған емес. Сондықтан да бұл тақырыптағы көптеген ұшқары пікірлер қазақ халқының қалыптасуының этно-әлеуметтік мәселелерін ғылыми тұрғыдан негізді түрде нақтылауға кедергі келтіруде. Осыны ескерген авторлар бұл мәселеге байланысты өздерінің ғылыми деректерге құрылған нақты топшылауларын айтуды да ұмытпаған. Мұның өзі университеттердегі болашақ тарихшы мамандардың іргелі біліммен қаруланып қана қоймай, сонымен қатар өзіндік көзқарастарын қалыптастыруларына да ықпал жасары сөзсіз.

      Осы бөлімнің екінші тарауы Қазақ хандығының саяси тарихын арнайы баяндауға арналған. Мұнда Қазақ хандығының XV ғасырдың алғашқы ширегіндегі қалыптасуы және өркендеуі, сондай-ақ XVI ғасырдың екінші ширегіндегі хандықтың «уақытша әлсіреуі» кезеңіндегі саяси тарихы тиянақты айтылған. Оқулықта Хақназар хан және Шығай мен Тәуекел хандар тұсындағы саяси өзгерістер арнайы әңгіме болған. Олардың мемлекетті нығайтудағы қайраткерлік тұлғасы да тұңғыш рет шынайы тұрғыда нақты деректерге сүйеніп ашылған. Авторлар қазақтың белгілі хандары Есім ханның, Жәңгір ханның, Тәуке ханның Қазақ хандығын сыртқы жаулардан қорғаудағы қыруар еңбегін және мемлекетті күшейтуге бағытталған шараларын тартымды да татымды баяндаған.

      Оқулықта XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасыр басындағы Қазақ хандығының саяси тарихы жүйелі түрде баядалған. Мұның өзі университет студенттерінің Қазақ хандығының саяси тарихына байланысты тиянақты да орнықты білім алуларына негіз қалаған. Оқулықтағы үшінші тарау Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық құрылымын арнайы әрі жан-жақты қарастыруды көздеген. Мұнда ХV-ХVIII ғасырлардағы қалалар мен елді мекендердің дамуы, қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығы және оның түрлері, халық айналысқан кәсіпшілік, қолөнері нақты деректерге негізделіп айтылған.

      Қазақ халқының әлеуметтік құрылымына арналған тарау да аса қызықты. Онда қазақ қоғамындағы көшпелілікке байланысты туындаған шаруашылық жүргізу ерекшеліктері, көшпелілер мен отырықшы мәдениеттің қарымқатынасы және т.б. мәселелер көтерілген. Қазақ қоғамындағы әлеуметтік топтар мен категориялар туралы жазылған сипаттамалардың да студенттерді қызықтырары сөзсіз. Онда қазақ қоғамындағы «ақ сүйек» санатына жататын әлеуметтік топтар, нақтырақ айтар болсақ, төрелер мен сұлтандар, сайидтар және қожалар және олардың