Қазақ өркениетін зерттеудегі осындай қиыншылықтар қазақ зерттеушілерін де осы тұрғыда әр түрлі пікірлер айтуға итермеледі. Нақтырақ айтар болсақ, жоғарыда көрсеткеніміздей, олардың еңбектерінде дәстүрлі қазақ өркениеті бірде Далалық өркениет деп аталса, ал тағы бірде номадтық, яғни көшпелілер өркениеті деп жазылып жүр. Оны аттылы көшпелілер өркениеті, ислам өркениеті, еуроазиялық өркениет, ерте түркі өркениеті немесе жалпылама түрде қазақ өркениеті деп жазып жүргендер де бар. Бұл мәселенің басы әлі ашыла қоймағандықтан біз де оны әзірше дәстүрлі қазақ түркілерінің өркениеті деген көпшілікке де, ғылымға да түсініктілеу терминмен алмастырып отырмыз. Әрине, мұның өзі ғылыми тұрғыдан зерттей түсуді, нақты ізденістер мен толықтыру барысында айқындалатын маңызды мәселе.
Дегенмен де көшпелілік өркениетін дәстүрлі өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде мойындамау ғылымда өрескел қателіктерге ұрындыратынын ұмытпауымыз керек. Кезінде тарихшы Е. Бекмахановқа қарсы шыққан С. Толыбеков көшпелілердің «ешқашанда бір орталыққа бағынған мемлекет құра алмайтынын», яғни Кенесарының да мұндай мемлекет құра алмағанын алға тартқан еді. Оған қарсы дауласқан тарихшы А. Нүсіпбеков бұл пікірдің қисынсыздығын Шыңғысхан құрған империяны алға тарту арқылы жоққа шығарған болатын. Десек те күні бүгінге дейін көшпелілер қоғамын сыңаржақ бағалайтын көзқарастарға тиым болмай отырғаны өкінтеді және туған халқы көшпелілер қоғамынан бүгінгі өркениетке келген елдер тарихшыларының осы бағытта тиянақты зерттеулер жүргізуін қажет етеді.
Сонымен айтылғандарды қорыта түсер болсақ, бүгінгі ғылымда Орталық Азия аймағындағы тарихи, рухани және мәдени құндылықтардың негіздерін қалаған көшпелілер қоғамы жасаған дәстүрлі өркениетті жанжақты және нақты зерттемей бүгінгі қазақ және т.б. түркі халықтарының басқалармен этно-әлеуметтік ассимиляциясының себептері мен сипатын, әр түрлі мәдениеттер мен дәстүрлі дүниетанымдар синтезін, әрқашан тәуелсіздікке ұмтылған өркениеттік этно-саяси құрылымдардың, яғни мемлекеттілік тарихының эволюциялық ерекшеліктерін ғылыми негізде пайымдау мүмкін емес.
Білімді тексеруге арналған сұрақтар:
1. Тарих ғылымындағы көшпелілердегі мемлекеттіліктің пайда болуы туралы теорияларға тоқталыңыз.
2. «Номадтар» және «Көшпелілер» атауларына түсініктеме беріңіз.
3. Көшпеліліктің пайда болуы жайлы пікірлерге түсініктеме беріңіз.
4. Көшпелілер тарихындағы аса бай рухани қазына – ауызша тарих айту дәстүрі жайлы пікіріңізді білдіріңіз.
5. «Көшпелілер өркениеті» ұғымына түсініктеме беріңіз.
ІІ бөлім
ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ЕЖЕАГІ ТАРИХЫ (б.з.б. VII-IV ғғ.)