1998 жылғы парламенттік сайлау. 1998 жылы парламенттік сайлауда зор саяси тәжірибе мен елді біріктіру ісіндегі жетістіктерге қарамастан, ХДО/ХӘО-ЕДП ойсырата жеңіліс тапты, ал билік басына Г. Шредер басшылығындағы социал-демократтар келді. Осылайша оңшыл күштердің 16 жылдық басқаруы аяқталды. 40 %-дан астам дауыс жинап, ГСДП бірпартиялық үкімет құра алмай, сайлауда 6,7 % дауыс жинаған «Одақ-90» атты блогымен бірлесті. Олардың жетекшісі Йошка Фишер жаңа үкіметте Сыртқы істер министрі лауазымын иеленді.
ДСП да өзінің позицияларын сақтап қалды. Ол ГФР-дың шығыс жерлерінде 22 %, ал Германия бойынша 5,1 % дауыс жинап, бундестагта елеулі фракция құруға мүмкіндік алды. Шамамен осындай дауыс көлемін (6,2 %) еркін демократтар да жинады.
Жаңа канцлер Г. Шредердің алғашқы ішкі саяси қадамдары сәтті бола қоймады. Жалақыны көбейту, салық реформасын жүргізу, зейнетақы жүйесін қайта ұйымдастыру, денсаулық сақтау ұлттық жүйесін қайта құру, иммигранттар үшін қос азаматтық енгізу, т.б. сияқты күрделі мәселелерге жаңа үкіметтің тез арада кірісуі, халықтың түрлі топтары тарапынан сынға ұшырады. Сайлаушылар реформалардың әрдайым жалпы халықтың көңіл-күйін ескере бермейтінін, ал ең бастысы – 4 млн-ға жеткен жұмыссыздық деген басты әлеуметтік-экономикалық мәселенің шешілуіне әкелмейтінін кенеттен ұғынды.
Осылайша, ел тұрғындарының көпшілігі ГСДП-ге қатысты мынадай қорытындыға келді: социал-демократтар ескі мәселелерді шеше алмағанымен қоса, үкіметтің күші де, уақыты да, қаржылық мүмкіндігі де жоқ жаңа мәселелерді туындатты. Үкіметпен ұсынылған реформалардың бірқатары ГСДП төрағасы, қызметтен кеткен Қаржы министрі Оскар Лафонтен атымен байланысты болды, бұл ГФР қаржы-өнеркәсіп топтары тарапынан үкіметтік бағдарламаға деген сын тудырды.
Басқарушы партияның жалпы танылған, беделді қайраткері Лафонтеннің кетуінің өзі дау-жанжалға толы болғандықтан да, ГСДП беделіне үлкен зияны тиді және Г.Шредер басшылығындағы «жаңғыртушылар» тобына қарсы наразылықты көрсетті.
Югославиядағы оқиғалар уақытша Г.Шредердің реформаторлық жоспарларының жүзеге асырылуын тоқтатты, бірақ бұл қақтығыс аяқтала салысымен оның үкіметі «Германияның жаңаруы» сайлауалды бағдарламасының аса маңызды тармақтарына қайта оралды. Онсыз да аз емес балалар жәрдемақысы көбейтілді, 16 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеген отбасылардың салықтары төмендетілді, инфляция деңгейін ескере отырып, жәрдемақыға қосымша үстеме енгізілді және т.б.
Аталған шаралар «реформалардың жаңа пакеті» деген атауға ие болды, оның негізін Шредер үкіметінің үнемдеу бағдарламасы мен мемлекеттік шығындарды қысқарту туралы шешімі құрады. 2000 жылы Германияда үнемдеудің жалпы сомасы бұрын-соңды болып көрмеген 30 млрд марканы құрады. Мемлекеттік шығындардың қысқаруы