Сана болмысы. Ғарифолла Есім. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Ғарифолла Есім
Издательство: КазНУ
Серия:
Жанр произведения: Философия
Год издания: 2011
isbn: 9965-29-699-5
Скачать книгу
Ендiгi жердегi мәселе бiз бiлiм беру жүйесiн 12 жылдыққа өткiзбестен бұрын осы ұлттық мектеп мәдени жобасын қоғамда талқыға салып, заңдастырып алғанымыз жөн. Негiзiнде, ұлттық мектеп мәдени жобасы мен 12 жылдық бiлiм беру мәдени жобасы бiрге қарастырылып заңдастырылса iс табысты болар едi. Бұл екi жобаны екi бөлек қарастырсақ бiз уақыттан ұтыламыз.

      Ұлттық мектеп дегенде бiр үлгi боларлықтай жағдай, түрiк ағайындардың KATEV жүйесiндегi орта бiлiм беретiн оқу орындарындағы тәжiрибенi ескеруге боларлық. Байқаймын, түрiк лицейлерiн тәмамдаған жастар қазақ, түрiк, орыс, ағылшын тiлдерiн еркiн меңгерiп шығуда, демек, елiмiзде мұндай үрдiс бар, нелiктен осы негiзде, мүмкiн одан да тұрақты бағдарлама туралы мамандар ойланбасқа? Осы мәселе туралы Елбасы Жолдауда: «балабақшаға, ашылып жатқан қазақ мектептерiне барсақ, әр ұлттың, ұлыстың балалары оқып, әдемi ғана тiлдi үйренiп жатыр», – деген болатын.

      Ұлттық мектепте қалай оқыту деген мәселе, әрине, мамандар үлесiндегi iс, менiң айтпағым, орыс тiлдi, қазақ тiлдi мектептер, сыныптар дегенiмiз өркениеттiк үрдiске жатпайды. Әрине, бұл қоғамдық iсте әрлi-берлi пiкiрлер болуы әбден орынды, себебi бұл психологиялық қалыптасып қалған дағдыны бұзу әлдекiмдердiң тiкелей кәсiбiне зиян болуы ықтимал, бiрақ көш тоқтамауы керек.

      Ұлттық мектеп бағдарламасын жасауда тың тәртiп қолданысқа енгенi жөн, оның мәнiсi кеңестiк, одан кейiнгi кезде де мектепте өтiлетiн пәндердi оқытуда тәптiштеу тәсiлi басым болған, сол үрдiс әлi де орын алып келедi, бiр мысал келтiрейiн, жалпы бiлiм беретiн мектептiң 9-сыныбына арналған «Биология» пәнiнiң оқулығын қарастырып отырсам, осы кiтаптың 51-бетiнен 77-бетiне дейiн Ч. Дарвин iлiмi тәптiштелiп түсiндiрiлген. Авторлар 9-сынып оқушысы әлемдiк ақпарат жүйесiмен айналысатынын ескермеген, ол эволюция iлiмiнен де өзге iлiмдердi бiледi. Бұл мәселе жөнiнде үйде де, түзде де әңгiме көп, әсiресе дiни үрдiстерге байланысты тым күрделi жүруде. Ал оқу-шыларға қойылған сұрақтарда тек Дарвин туралы ғана айтылған, өзге ойлар жоқ. Оқушыларға берiлген сұрақтар: 1. Ч. Дарвин iлiмiнiң қалыптасуына ықпал еткен қандай алғышарттарды бiлесiңдер? 2. Дарвин жер шарына саяхат жасаған кезде органикалық дүниенiң тарихи дамуын дәлелдейтiн қандай мәлiмет-тер жинады? 3. Тұқым қуалаушылық пен өзгергiштiктi Дарвин қалай түсiндiрдi? 4. Ч. Дарвин iлiмiнiң маңызы қандай? (Биология. Жалпы бiлiм беретiн мектептiң 9-сыныбына арналған оқулық. – 56-59-бб. ) Осы оқулықта кейiн, биология мамандығы бойынша арнайы жоғары оқу орнында оқығанда алатын мәлiметтер жүр, мысалы, В.Н. Сукачев (1880-1967), А. Текели (1871-1955) деген ғалымдарды тiптен суретiмен қоса берiп дәрiптеудiң не қажетi бар едi. Олар – бәрiбiр аттары ұмытылып қалатын адамдар, сiрә, биология мамандарына ғана қажет есiмдер. Осындай мәселе әдебиет пәнi оқулығында да орын алған, онда ақын-жазушыларды кеңестiк кезде қалыптасқан тiзiммен оқыту тәсiлi қолданылған. Оқушыға керегi қазақтың бар ақын-жазушыларын бiлiп шығу емес, көркем сананың халыққа, елге, қоғамға жасаған айтулы құндылықтары туралы болса керек. Байқаймын, кейбiр мәселелер әр пән оқулықтарында қайталанады. Ол әдебиет тарихы