Мәдени антропология. Әлия Масалимова. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Әлия Масалимова
Издательство: КазНУ
Серия:
Жанр произведения: Учебная литература
Год издания: 2011
isbn: 978-601-247-244-8
Скачать книгу
кедергі және Homo Sapiens түрінің көптеген ерекшеліктері бойынша адамның жоғарғы приматтардан пайда болғаны жөнінде дарвин теориясын қабылдай алмаймыз, дегенмен де олардың арасында белгілі дәрежеде туыстық жақындық бар екені анық. Осыған байланысты, мәдениет адамды өзге жануарлардан ерекшелейтін маңызды белгілердің бірі болып табылады.

      Антропогенез тұрғысынан мәдениетті сыртқы ортаға бейімделу жолы деп қарастыруға болады. Мәдени антрополог және этнограф түсініктері бойынша мәдениет тек заттар жиынтығы мен еңбек нәтижелері ғана емес, сонымен қатар адамзат іс-әрекеттерінің жолдары.

      Ал енді, адамзат қоғамының қалыптасуының түрлі кезеңдеріндегі «мәдениет» түсінігі ерекшеліктерінің қысқаша мазмұндарына тоқталып өтейік. Антикалық кезеңде мәдениет мағынасы негізінен адамгершілік, жоғарғы идеал түсініктерімен, шығармашылық рухтың байлығы мен бостандығымен, сонымен қатар адам рухын тәрбиелеу және дамытумен байланысты болды. Антикалық полисте азаматтарды тәрбиелеу, ересек адамдарды қалыптастыру үрдісіне гректер «пайдейя» деген түсінік берген (pais – ребенок, дитя).

      Пайдейя – тәрбиелеу, үйрету деген мағыналарды білдірді, кең мағынасында: білім, білімділік, ағартушылық, мәдениет деген түсініктерді қамтыды. Гректер адамның белгілі құндылықтық бағыттары бар тұлға ретінде қалыптасуға мүмкіндігі бар ерекше білім беру жүйесін қалыптастырды. Антикалық шығар-малардың авторлары адам және қоғам туралы ілімнің теориялық негіздерін жасады.

      Ортағасырлық кезеңде мәдениет түсінігі көп жағдайда «культ» түсінігімен байланысты болды. Мәдениет адамның шығармашылық мүмкіндіктерін құдайға махаббат арқылы ашудың қасиетін білдірді. Яғни, мәдениет адам үшін өз мүмкіндіктерін, анығырақ айтсақ табиғаттан таза болып келетін сананы сеніммен толықтыра отырып дамыту мүмкіндігі болып табылды. Адам өзінің ерекшелігін сезінеді: Құдай адамды, оның мәңгілік жанын жаратты, сондықтан да бақыт деген ол өзін-өзі тану емес, құдайды тану болып табылады. Өзінің Жоғарғы Тәңірмен рухани байланыста болуын сезінген адам өзінің қабілеттерінен жоғары көтеріліп, қол жетпейтін мүмкіндіктерге жетеді. Басқаша айтсақ, мәдениет мүмкіндіктерді, үйлесімділікті және тәртіпті тәрбиелеу емес, өзінің шектеулігін жеңіп, тұлғаның шексіз мүмкіндіктеріне кенелу, үнемі рухани даму және кемелдену болып табылады.

      Қайта өрлеу дәуірінде мәдениет жөнінде антикалық түсініктер жандана бастайды. Аталмыш дәуірдің прогрессивті бетбұрысы, бірінші кезекте осы дәуір мәдениетінің антикалық құндылықтар жүйесіне қайта оралуымен; ғылым, өнер және шығармашылық бостандығының шарықтап дамуымен байланысты болды. Қайта өрлеу дәуірінің адамы – бұл субъективтіліктің жоғарғы түрлеріне лайықты, өзін және өзін қоршаған дүниені, өмірдің антиномиясын түсінуге қабілетті, жеке тұлға тіршілігін және өркениеттілік құбылысын түсінуге, қоғамды қайта құруға ұмтылатын тұлға болды.

      Ағартушылық дәуірінің қайраткерлері адамға және оның қоғамдағы орнына деген көзқарасты түбегейлі өзгеріске ұшыратады.