Өмір – сынақ. Анар Мешимбаева. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Анар Мешимбаева
Издательство: Автор
Серия:
Жанр произведения: Биографии и Мемуары
Год издания: 2022
isbn:
Скачать книгу
міне, таңғы бесте Астананың халықаралық әуежайында, шекаралық паспорт бақылауында, шекарашы офицердің телефонмен әлдекіммен сөйлесіп болуын күтіп тұрмыз. Ұзақ күттік. Жарты сағаттай өтті. Шамасы, оларға құқық қорғау органдарының басшыларын оятуға тура келді ғой деймін. Мені өткізді.

      Ұшақ әуеге көтерілді. Арқадан ауыр жүк түскендей. Тыныстау жеңілдей салды. Төрт айлық тозақтан аулаққа ұшып кеттім.

      Бірақ, ол кезде бұл тек бастамасы екенін білмедім…

      Алғашқы күндері дым бітірмей ертеден кешке дейін құмда жата беретінмін. Бойыма жиналып қалған мазасыздық құмға сіңіп жатқандай.

      Қызым теңізден гөрі бассейнді жақсы көретін. Сондықтан оқулықтарын алып шезлонгте жататын. Шомылу киіміндегі қызымның оқулық ұстағанын көрген туристер жаны ашып жымиятын. Тура мектептегідей оқы деуші ем. Тек өз бетіңмен ізденесің.

      Ұялы телефон әрқашан жанымда болатын. Маған қоңырау шалып, кері қайт дейтіндей.

      Түркиядағы соңғы туристік маусым – қазанда. Кішкентай бала көп. Билеп жүрген бөбектерге қарасам, жылағым келеді. Біржанның қызы мамырда дүниеге келді, ал оны маусымда түрмеге отырғызды. Көз жасым өз-өзінен төгіле берді…

      Бір аптадан соң ешкім қоңырау шалмайтынын түсіндім. Мәскеудегі достарыма хабарластым. Ештеңе түсіндірместен Мәскеуге белгісіз мерзімге келуге мәжбүр екенімді айттым. Тұратын жер керек деп сұрадым. Бағымызға орай, достарымның қаланың шыға берісінде пәтері бос боп шықты. Бірнеше апта сонда аялдай тұруға тура келді.

      Туроператорға билетті Мәскеуге ауыстырып беруді өтіндім.

      Әсел: Түркиядағы күн шуақ пен оқулықтар

      Астанадан Түркияға қалай жеткенім есімде жоқ. Бірақ, Түркияда уақытты қалай өткізгенім есімде. Мен өте бақытты болдым. Күн жылы, су, қонақүйдің жанында шоколад қосылған тәтті құймақтар жасайтын. Қонақүйге жапсарлас салынған демалыс орындары, өрілген кресло, гамак, пальма. Бәрі әдемі. Тек оқулық онша емес. Анам мені мектеп бағдарламасынан қап кетпесін деп әдейілеп сатып алған. Мектеп деген бәле ізімнен қалмай қудалап жүргендей. Анам соның бәрін ақ ниетпен жасаса да, мен үшін оқулық деген таза тозақ еді. Химия мен физиканың заңдылықтарын жаттау, геометрияның теоремаларын білу, алгебраның есептерін шешу, орыс тілінің грамматикасын жаттау, түрлі афоризм мен эпитеттерді келтіруден миым атала болатын. Күн астында миым ашып жүретінмін. Мектептің елесі мәңгілік екенін түсіндім. Мектептің оқулығын мектептен тыс жерде оқу тіпті сұмдық. Мектепте тым құрымағанда жақсы мұғалімдер кездеседі. Оқулықтағы иероглифтерді түсіндіріп беруші еді.

      Түркиядағы уақыт зымырып өтті. Тек сабақ оқыған сәттер болмаса. Сосын біз Мәскеуге ұштық. Міне, саған, рахат өмір! Мәскеуде анаммен бірнеше рет болғанмын. Көбіне ары-бері өтіп жүріп, тоқтайтынбыз. Мен үшін Мәскеу әдемі, жақсы, көркем қала болған еді. Жоспардың аяқ астынан өзгере бергеніне қуансам да, аздап үрейлендім. Неге үйге қайтпай жатқанымызды түсінбедім. Мәскеуде