Баймырза: Мәйкен бе?
Талшын: Иә, әлгі Болатты мекемесін күзетуге кезекшілікке жіберіпті. Түн ішінде жау алады дей ме екен сол көктігілгірді.
Баймырза: Жалғыз өзін бе?
Талшын: Жоқ, қасында адамдар бар көрінеді.
Баймырза: Жарайт, онда бір сыласы болар.
Талшын: Ана радиоңды қосшы. Жаңа Мәкентай хабар береді, тыңдаңдар деп жатыр еді.
Баймырза қабырғада тұрған радиоқабылдағыштың түймесін басып қалады.Радиодан диктор үні естіледі. «Бүгін 1986 жылдың 18-желтоқсаны. Алматы уақыты бойынша кешкі сағат 22.00. Соңғы хабарларды тыңдаңыздар. Үстіміздегі жылдың 17 және 18 желтоқсан күндері астанамыздағы Л.И.Брежнев алаңына бір топ наркомандар мен олардың ықпалына ерген оқушы жастар ереуілге шықты. Олар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің соңғы пленумының шешімдеріне наразылық білдіріп, ұлтшылдық, экстремистік, сепаратистік ұрандар көтеруде, сөйтіп, сүйікті партиямыздың айбынды авангардының салиқалы, парасатты шешімдеріне шәк келтіруде. Қазір алаңға шыққандардың арасында наркомандармен бірге маскүнемдердің де, түрмеден қашқандардың да үлкен тобы бары анықталып отыр. Республика еңбекшілері бұзақыларға қарсы өздерінің әділетті ашу-ызаларын білдіріп, олардың іс-әрекетін қатаң айыптауда. Осы кезге дейін редакциямызға сондай әділетті ашу-ызаға толы хаттар легі толассыз келіп түсіп жатыр. Енді сіздерді солардың бірнешеуімен таныстыра кетейік. Хат авторларының арасында қарапайым еңбекшіден бастап үлкен қоғам қайраткерлері, әйгілі халық әртістері, жазушылар, ғалымдар, интеллигенция өкілдері бар…»
Баймырза ызалана мырс етіп, радиоқабылдағышты өшіріп тастайды.
Баймырза: Бізді құртып келе жатқан осындай жандайшаптар ғой. Интеллигенция өкілдері дейді тағы ұялмай. Интеллигенциядан садаға кеткірлер.
Талшын: Неменеге өшіріп тастай қойдың, тыңдайық та шамалы.
Баймырза: Тыңдарсың. Құлағыңыздың құрышын қандырар әлі талай әлгі интеллигенттерің бұлбұлша сайрап. Апырай, қасиетті қара жер ана да шыдамды екен осындайларды көтеріп жүрген.
Талшын: Әне, енді өзінікін дұрыстап шыға келеді. Сені бір Құдайдың өзі болмаса, ешкім түзете алмас.
Баймырза: Мені түзетудің қажеті жоқ.
Талшын: Ойбай, қойдық-қойдық… /дастарқан үстінде манадан бері үнсіз отырған Қайсар мен Ақмаралға кезек бұрылып/. Ал, шырақтарым-ай, шай алдырыңдар. Мені іштей кінәлап отырған шығарсыңдар. Мына бір кемпір де бәле екен шапылдап деп. Уһ!..
Ақмарал: Апа , шынымды айтсам,мен сізді әбден түсініп отырмын. Шамасы, ағай бір кезде халық жауы ретінде ұсталып кеткен-ау деймін…
Талшын: Қарағым-ау, бақандай он жыл отырып келді ғой бұл ағаң. 49-да кеткен, содан 59-да оралды ғой арып-ашып. Кенесары Қасымов деген ханды естулерің бар шығар, бұл ағаң со кісіні ұлт-азаттық көтерілісінің батыры деп еңбек жазған. О бастағы мамандығы тарихшы еді ғой. Ал басқа дөкей тарихшылар содан бұ байғұсты шибөрідей жабылып таласын кеп,