Қандай деректерді пайдалану қажет? Версаль бітім жүйесін талдап-оқуда пайдаланылатын деректерді екі топқа бөлуге болады: 1. Версаль, Сен-Жермен, Трианон, Нейи, Севр бітімшарттарының мәтіндері; 2. Париж бітім конференциясына қатысқан саяси қайраткерлердің естеліктері. Екінші топқа жататын деректерден орыс тіліне аударылғандары – А. Тардьенің, Г. Никольсонның, Э. Хауздың, Альдрованди-Марескоттидің, Лл. Джордждың, Р.С. Беккердің еңбектері. Бұл еңбектерде әрбір автордың өзіндік субъективтік пікірлері берілетінін ұмытпауымыз керек. Бұл, әсіресе, Париж конференциясында «орыс мәселесін» талқылауға қатысты жағдайда айқын көрінеді. Атап айтқанда, Ллойд Джордж «орыс мәселесіне» байланысты өзінің Париж конференциясы өтіп жатқан кездегі ұстаған принциптерін жұмсақтап, көмескілеп көрсетеді.
Бұл тақырыпты түсіндіру Антантаға мүше ірі елдердің әрқайсысының мақсаттарын талдаудан басталады. Бұл жерде оқулықтың бесінші параграфын, сондай-ақ төменде берілген мәліметтерді пайдалана отырып, әрбір елдің мақсаттары мен позициясы көрсетілген сызба-кесте жасауға болады.
Францияның Париж бітім конференциясындағы мақсаты: Германияны барынша әлсірету; орасан зор мөлшерде репарациялар алу (500 млрд алтын марка); Үштік одақ елдерін отарлық иеліктерден айыру; Эльзас пен Лотарингияны қайтарып алу; Германияны бөлшектеу; Германияның әскери қуатын қалпына келтіруге бағытталған кез келген әрекетіне тосқауыл қоя алатын күшті әскер ұстап отыру; Францияның жетекшілігімен Шығыс Еуропа елдерінің одағын құруға тырысу.
Ұлыбританияның мақсаты: Үштік одақ елдерін отарлық иеліктерден айыру; Германияның әскери-теңіздік қуатын жою; Франциямен тең түсе алатын күш ретінде Германияның әскериэкономикалық қуатын сақтау; мемлекеттердің