Ел Шоңы. Бесінді. III кітап. Қанат Жойқынбектегі. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Қанат Жойқынбектегі
Издательство: Издательские решения
Серия:
Жанр произведения: Историческая литература
Год издания: 0
isbn: 9785005549495
Скачать книгу
бауырым, екі халықты татуластыратын сөз айтып отырсың. Үлкендікте тұрған ештеңе жоқ. Әр нәрсенің өзінің жолы бар. Алыстан келдің. Сен ұста, – деп шал басты өзіне қарай сырғытып қойды. Ана алыстағы ауылдан сүйретіліп келген шалға Шоң риза еді, қайтсе де төре шалына басты ұстатқысы келіп отыр еді. Өзі аяғымен жүре алмайды. Бүкіл қазақ Шапыраштардың ішінен суырылып шығып, барамын дегеніне риза еді. Осы арада басты ұстамауға бір сылтау керек болды. Содан кейін айтқан:

      – Менің әлі әкем тірі. Мен басты ұстамаймын. Орта жүзде сондай тәртіп бар…

      – Әкең қандай бақытты адам. Сендей баласы бар, – деді қырғыздың бір шалы отырып. – Әкең әлі де сенің қызығыңды көре берсін! —деді де, әлгі шал басты төре шалдың алдына қойды. Бір үйден соң бір үй шақырып, ақыры қырғыздар қоймаған соң Шоң бір үйден басты ұстауына тура келді.

      Көрші жатқан қырғыздар ауылы естіп одан да адамдар келген еді. Амалсыздан онда да барды. Орта жүз адамдарының келуі бір үлкен тойға айналып кеткендей еді. Ақыры қазақтардың қасында еріп жүрген казак-орыс реніш білдірді. Бұл бітпейтін не қылған қонақтаулар. Біздің генерал іздеп жатқан болуы керек, қайтамыз деді. Шоң оның айтқан сөзін қырғыздарға аударып беріп отырып:

      – Біз орыстарға тәуелді болып қалған адамдармыз. Сондықтан мыналардың айтқанын жасаймыз. Басқа амал жоқ. Әйтпесе, сіздердің көңілдеріңіздің бізге қаншалықты адал екенін жақсы түсіндік. Соған ризамыз.

      – Шырағым, сол сіздер кешкен жағдайды біз де өткелі отырмыз. Орыстар қазаққа жүргізген билікті қырғызға да жүргізетін сияқты. Оған сәл уақыт керек.

      – Мына сөзіңде шындық бар. Орыстан ешқайда барып құтыла алмаймыз. Ең дұрысы, ауыз бірлігі жойылмасын. Қазақ пен қырғыз соны түсінсін, – деді Шоң.

      – Мына сөзден артық сөз жоқ, бауырым. Әр уақыттта жақсы күйде кездесіп жүрейік, – деді кырғыздың үлкен ақсақалы.

      Қырғыздар өзара ақылдаса келіп әрқайсысына бір-бір ат, бір-бірден айып шапанын кигізбек болды. Бұл туралы айтқанда, Шоң оған келісе қоймады.

      – Көңілдеріңізге рахмет! Біз айып-шапан алайық деп келген жоқпыз. Ертеңгі күні онымызды естісе Арқада жатқан қазақтар жанжал шығарады. Біз ешнәрсе де алмаймыз. Қазақтардың қаны тамған жерге құран оқуға келдік. Екіншіден, Сіздер Кенесарының құнын ешқандай айып-шапанмен төлей алмайсыздар. Ол – хан. Оның құнына бүкіл қырғыздың байлығы жетпейді. Өйткені, үш жүздің адамдары оны хан етіп сайлады. Оған әуре болмаңыздар. Мына отырған киіз үй қазақтың да, қырғыздың да бас қосатын ортақ жері болсын. Әр уақытта осының ішінде туысқандық көңілмен бас қоса берейік. – Шоңның шын көңілден айтқан сөзіне ешқайсысы ештеңе дей алмады.

      – Бауырым, дұрыс айтасың. Пәлен ғасырдан бері қазақ пен қырғыз осының ішінде бас қосып келеді. Алдағы уақытта да ұрпақтарымыз осының ішінде бас қоса берсін!

      Казак-орыс асықтырып отыр еді. Бір топ қырғыз Шапыраштар аулының іргесіне дейін шығарып салды. Ауылға жақындағанда айтқан:

      – Біз ауылға кірмейміз. Олардың өкпесі бізге деген әлі жазылған жоқ. Мен білемін, кешегі соғыста