Педагогикалық институтта мұқият әзірлеп оқыған курстары – «Түркологияға кіріспе», «Көне түркі, араб, латын графикасы», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы», «Орыс және қазақ тілдерінің салыстырмалы грамматикасы». Педагогикалық институтта жұмыс істеп жүріп, студенттік ғылыми қоғамның тіл үйірмесіне жетекшілік етті, филолог мамандарды дайындауда бақылау комиссиясының төрағасы болды. 1978 жылы Жоғары және арнаулы орта білім министрінің бұйрығымен қазақ филологиясы бойынша студенттердің ғылыми жұмыстарын қарайтын республикалық конкурс комиссиясында да төрағалық етті, сөйтіп жоғары оқу орындары студенттерінің ғылыми творчествосына жан-жақты талдау жасады.
А.С. Аманжоловтың ғылыми зерттеулері тіл мен жазу тарихының көптеген мәселелерін қамтиды. Ол – түркі тілдерінің тарихи грамматикасы мен көне түркі жазуы тарихының санаулы мамандарының бірі. Ғалымның түркі филологиясы мен тіл білімі бойынша екі жүзге тарта еңбегі жарық көрді (кейбіреуі шетелде басылды). Ол филология ғылымдарының бір докторын, 17 кандидатын дайындады.
1969 жылы Москвада шыққан «Көне түркі ескерткіштеріндегі етістіктің меңгеруі» атты монографиясы мамандардың жоғары бағасына ие болды. А.С. Аманжоловтың «Көне түркі жазуының тарихы туралы деректер мен зерттеулер» деген докторлық диссертациясы 1975 жылы қорғалған, бұл күрделі ғылыми-зерттеу ұзақ жылғы ізденудің жемісі болды. Ғалымның «Көне түркі жазуының тарихы мен теориясы» (Алматы, 2003 ж. орыс тілінде) атты сүбелі монографиясында көне түркі руникалық графикасына түбегейлі талдау жасалған, Қазақстан бойынша соны эпиграфикалық материал берілген, түркі руникалық алфавитінің қалыптасу тарихына қатысты маңызды теориялық тұжырымдар айтылған.
А.С. Аманжоловтың ғылыми зерттеуінің нәтижелері оқу процесіне енгізіліп, «Жалпы тіл білімі», «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы», «Түркі филологиясына кіріспе», «Графикалық лингвистика проблемалары» деген курстарды оқытуда пайдаланады. Ол үнемі республика жоғары оқу орындарының тіл кафедраларына ғылыми-әдістемелік көмек көрсетіп, ара-тұра Ташкент, Уфа, Пекин, т.б. қалаларының университеттерінде лекция оқиды, сол сияқты студенттік ғылыми жұмыстарға, аспиранттар мен стажерларға (АҚШ, Венгрия, ҚХР, Түркиядан келген стажерларға) ғылыми жетекшілік етеді.
1980 жылы Ленинград мемлекеттік университеті жанындағы оқытушылардың білімін жетілдіру факультетін «Жалпы тіл білімі» мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1986 жылдың қыркүйек айынан 1987 жылдың наурызына дейін Қытай
Халық Республикасында Пекин университеті жанынан ғылыми дәрежесін көтеру мерзімінен өтті. Көне түркі жазу ескерткіштерінің зерттеулеріне арналған «Бабалар сөзі» кітабы 1988 жылы Пекинде