Ғаббас Жұматов: Өнегелі өмір. 27-шығ. Коллектив авторов. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Коллектив авторов
Издательство: КазНУ
Серия:
Жанр произведения: Зарубежная образовательная литература
Год издания: 2013
isbn: 978-601-04-0165-5
Скачать книгу
аяқталып, енді бір-екі күнде аттанғалы жүргенбіз. Жүрек толы сағыныш. «Елге жетсем, әке-шешемді, аға-інілерімді, Баянның айна көлін, қыз қарағайын көрсем-ау, шіркін!» деп, тағат таппай асығып жүрмін. Бір-бірімізге сүйретімізді сыйлап, адресімізді беріп әбігерміз. Кенет таң сәріде аспан, жер дөңбекшіп ала жөнелді. Не болғанын білмей, жан-жағыма қарасам, айнала көк түтін, гүріл, гірсіл, айғай. Шала-шарпы, апыл-ғұпыл киіндім де, құлап-сүрініп далаға ұмтылдым. Осылайша, ертең елге қайтам деп, жүрегі лүпілдеп отырған жас жауынгер Брест қамалының түбінде қанды қырғынның қақ ортасында қала берді. Төрт жылға созылған соғысты жеңіспен аяқтап, елге оралысымен, Ғаббас аға сары шинелін сүйретіп, орден толы омырауын жарқыратып, КазГУ-дың партасына қайта отырыпты. Оны бітірісімен ғылымға бет қойыпты. Енді міне біздің алдымызда тарих ғылымының кандидаты, доцент Ғаббас Жұматов тұр. Біз ғылым кандидатын Алатаудың адам жетпес асуындай көретінбіз. Себебі ол кезде атағы барлар аз еді. Факультет бойынша бір де бір профессор болған жоқ (Е. Бекмаханов қамауда, Покровский келіп кетіп жүріп сабақ береді). Сондықтан да Ғаббас ағай секілді ғалым-ұстаздарымызды ерекше өнеге тұтатынбыз. Өзім осы күнге дейін (жетпістен ассам да) Ғабекеңнің алдынан кесіп өтіп көргенім жоқ, әлі де шәкірттігім ұмытылар емес. «Таза алтынды тот баспайды» деген сөз Ғабекеңдей жандарға қарап айтылған екен ғой! Бұл кісіні жұрт соғыстағы ерекше ерлігіне қарай «қару мен қаламды қатар ұстаған Адам» деп бағалайды екен. Әсіресе Мәскеуде беделі ерекше көрінеді. Олай дейтінім, Жеңіс мерекесі Ғабекеңсіз өтпейді. Кешелері, мамыр айында өзім жетпісімді атағанымда: «Ғабеке, Сізді арнайы шақыра келдім» деп, өмірбаяндық кітабым мен шақыру билетін қоса тапсыруға барсам, «Мәскеуге шақырды, билетім қалтамда, кешіре гөр» деп, арқамнан қағады. Әлемге аңыз болған Маресьевпен, генерал Батовпен жиі қатынасып тұратынын бұрыннан білетінмін. «Бүгінгі қолбасшылар да Ғабекеңді ардақтайды екен-ау» дедім де, сапарына сәттілік тіледім.

      Ғабекең демекші, Ғаббас ағайды Ғабеке деуім 1962 жылдан басталды. Сол жылы мамыр айында КПСС тарихы кафедрасына проректор Тәкеш аға Найзағариннің ағалық қамқорлығымен оқытушы болып орналастым. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей кафедраға кіріп барсам, терезе алдында біреумен сөйлесіп Ғаббас ағам тұр. «Нағып жүрсің мұнда?» – деп, бірден тани кетті. «Осында қызметке қабылдады» – дедім. «Құттықтаймын. Бізге сен секілді жастар керек-ақ, енді әріптес болдық, әлі-ақ доцент, профессор боласың, тек аянбай еңбектен» – деп бата бергендей болды. Ішімнен «Әумин» деп тұрмын. Бұдан бұлай әріптес ретінде ағамызды Ғабеке деуге көштім. Шынында да Ғабекең жастарға бұл жерде де жақын екен. Кафедраның аспиранттары мен жас оқытушыларының бұл кісіден ғылыми ақыл-кеңес алмағаны кемде-кем. Ғылыми жетекші, рецензент, оппонент ретінде солардың талайын ғылыми биік басқыштарға қарай жетектеді, солардың біреуі өзім. Есіме бір оқиға оралып отыр. Жұмагүл Әбсеметова деген бір аспирант қыз болды. Ғылымға икемді, қақ-соғы жоқ, ойындағысын бүкпесіз тура айтатын,