1917 жылғы ақпан революциясынан кейін елде ұлт-азаттық саяси күрес күрт белең алады. Халыққа шынайы бостандық іздеген қазақ интеллигенциясының өкілдері әртүрлі партиялар мен ұйымдар құра бастады. А.Байтұрсыновтың осынау замана ағымындағы істерден тыс қалуы мүмкін емес еді. Сол тұста ұлттық теңдікті аңсаған Ахмет өз пікірлестерімен бірге «Алаш» атты партия құрып, 1917 жылдың жазынан Алашорда жетекшілерінің біріне айналады. Осы партияның бірінші және екінші съезінде ұйымдастырушылық қызмет атқарып, ол авторларының бірі болып саналатын «Алаш» партиясын құрудың жобасы алғаш «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 21 қарашадағы санында жарияланады.
1937 жылғы 8 қазанда Алматыда ұсталып, 1938 жылы желтоқсанның 8 күні жазықсыздан жазықсыз ату жазасына бұйырылып, атылады.
Міне, өз ұлтының рухани ой-санасын өрістетуді, отаршылдық езгіден азат етуді мақсат тұтып, бар білімін, қайрат жігерін соған арнаған ұлы тұлға осылайша 64 жасында еліне теңдік әпереді деп ұққан Кеңес өкіметінің қаһарлы үкімінен қаза тапты. Бірақ А.Байтұрсынов кейінгі ұрпағына мың жыл азық боларлық рухани мұра қалдырып кетті.
А.Байтұрсынов әдебиеттану саласында да ұланғайыр еңбек етті. 1923 жылы «Ер Сайын» жырын, 1926 жылы «23 жоқтау» атты жинақты Мәскеуден шығарып, алғы сөз жазып, түсініктемелер берді.
Ал әдебиетке қатысты келелі ой-пікірлерінің бастау көзі – 1913 жылғы «Қазақ» газетінде жарияланған «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласы болып табылады. Бұл ұлы Абай шығармашылығы туралы жазылған алғашқы ғылыми мақала еді.
А.Байтұрсыновтың қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан аса зор үлесі – 1926 жылы басылып шыққан «Әдебиеттанытқыш» атты әйгілі еңбегі. Ахметтің осы кітапта тұңғыш рет қазақ тілінде түзген анықтамалар мен терминдері уақыт өтсе де өз құнын жойған емес.
Ахмет Байтұрсыновты үлкен ақын ретінде танытатын екі жинағы бар. Оның бірі – 1909 жылы Петербургте жарық көрген «Қырық мысал» – мысал аудармалары. Екіншісі – 1911 жылы Орынборда жарық көрген «Маса» атты өлеңдер жинағы.
Мысал аудармалары. Ахмет Байтұрсынов шығармаларының үлкен саласының бірі – поэзия. Бұл – негізінен замана талабы, уақыт сұранымынан туындаған шығармашылық ізденіс жемісі. Орыстың атақты мысалшысы И.А.Крылов шығармашылығына айрықша назар аударған ақын, оның көптеген шығармаларынан өз қажеттілігін тауып, «Қырық мысал» деген атпен аудармаларын 1909 жылы Петерборда бастырып шығарды.
Осы тұрғыдан алғанда, «Қырық мысал» жинағындағы аудармалардың «Аққу, Шортан һәм Шаян» мысалымен ашылуы Ахмет үшін белгілі бір мақсаткерлікті танытардай. Ол осы мысал арқылы сол кездегі қазақ өміріндегі ең бір келеңсіз жайды – ел бірлігінің жоқ екендігін аса бір күрделі мәселе ретінде көтерген.
«Қырық мысалдың» үлкен тобы адамдардың бойындағы көре алмаушылық, іштарлық, күншілдік туралы мәселелерге арналған. Бұларды зер сала отырып оқығанда, өз халқын осынау жаман қасиеттерден арылтуды арман етіп, мақсат тұтқан азаматтың жан толғанысын, үздіксіз ұмтылысын айқын сезінеміз. Мұндай мысалдарға «Жүргіншілер мен иттер», «Маймыл», «Үлес», «Ағаш», «Өгіз бен Бақа», т.б. жатады. «Жүргіншілер мен иттер» мысалында күншілердің сөзіне,