654 жылы Қарлықтарды және олардың көршілері Чумугендерді (Шөмекейлердің бабаларын) Таң империясының әскерлері басып алды. Біраз уақыт қытайлықтар тепкісінде болған оларды 682 жылы қайта құрылған Шығыс Түрік қағанаты өзіне қосып алды. Бірақ өздерінің күш-қуатына аса сенімді азаттық сүйгіш Қарлықтар қағанатқа қарсы 711 жылдан бастап бірнеше ірі көтерілістер ұйымдастырды. Ақырында олардың 742 жылы Ұйғырлармен және Басмылдармен қатар көтерілуі Шығыс Түрік қағанатының түбіне жетті. Қарлықтарға туыстас Басмылдар қаһарлы Көктүріктердің соңғы ханы Озмыштың басын кесіп алып, қытайдың астанасы Чананьға жеткізді. Алайда саяси билікке Басмылдар мен Қарлықтар емес, ынтымағы әлдеқайда күшті Ұйғырлар келді. Осылайша 745 жылы Көк түріктердің қуатты қағанаты келмеске кетіп, енді ұйғырлар билейтін түркілердің біріккен қағанаты орнықты. Қарлұқтар Басмылдармен бірге амалсыздан өздері ұнатпайтын Ұйғырларға бағыныштылыққа түсті. Дегенмен де олар жаңа саяси билікке толық мойынсұна қойған жоқ. Қарлықтардың үлкен бөлігі батысқа қаша көшті.
Қалыптасқан саяси ахуалға байланысты VIІІ ғ. ортасына қарай олар осылайша екі үлкен бөлімге бөлінді. Олардың біраз рулары – шығыста Қанғай тауларында қалып Ұйғырларға бағынса, ал екінші, батысқа жылжыған тобы – Алтай мен Шығыс Тянь-Шянь аралығында өмір сүріп жатты. Алайда 755 жылы Ұйғырлар батысқа жылжып, Қарлықтар мен Басмылдарды қайта бағындырды. Арада төрт жылдан кейін ғана, Ұйғырлардың қағаны Мойынчор өлген соң ғана Қарлықтар Ұйғыр езгісінен ығысып шығып, оңтүстік аймақтарды жаулау жорықтарын бастады. Олар алғаш Ыстықкөл және Талас аймағынан Оғыздарды ығыстырып шығарды. Оғыздар амалсыздан Сыр бойындағы ежелгі Қаңлылар мекеніне қоныстануға мәжбүр болды. Қарлықтардың өздеріне дейін Жетісуда билікте болған Түргештермен (Сарыүйсіндермен) текетірестері де бейбіт бола қойған жоқ. Алайда бұл кезде Түргештердің өздері екіге бөлініп алып, өзара соғысып жатқандықтан Қарлықтарға елеулі қарсылықтар көрсете алмады. Осының бәрі Қарлықтарды күшейте түсті.
Тарихи мағлұматтар 766 ж. Жетісудағы билікті Қарлықтардың тартып алғанын және Түргештердің ежелгі астанасы Суябтың енді Қарлықтардың астанасына айналғанын нақты жазады. Осылайша, Іледен Шу аңғарына дейінгі аймақты қамтыған Қарлық хандығы(қағанаты) дүниеге келді. 775-776 жылдар аралығында Қарлықтар билігі Қашқар және Ферғана өңірлерінде де орнықты. Негізінен Қарлықтардың территориясы