Стратегиялық менеджмент. Сауле Купешова. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Сауле Купешова
Издательство: КазНУ
Серия:
Жанр произведения: Зарубежная образовательная литература
Год издания: 2015
isbn: 978-601-04-0849-4
Скачать книгу
р құрамының өзгеруі, шектеулі ресурстарға бәсекелестіктің артуы, бизнестің жаһандануы заманауи компания менеджерлерін басқарудың тиімді әдістерін, яғни қысқа мерзімде табысқа жетуді көздеуден ұзақ мерзімге бағытталған стратегиялық басқару әдістерін қолдануға итермелеп отыр. Сонымен қатар, стратегиялық басқарудың мәнін күрт арттыруға бизнес үшін күтпеген жаңа мүмкіндіктердің пайда болуы, ақпаратты жедел қабылдау мен жеткізу, оны өңдеу желілерінің қарқынды дамуы, инновациялық технологиялардың қолжетімділігі, адам ресурстары маңызының өсуі және тағы да басқа себептер өз үлесін қосуда.

      Ұсынылып отырған оқу құралының мақсаты – студенттер мен магистранттарды және басқа да оқырманды ұйымның қызмет атқару стратегиясын құрастыру және оны жүзеге асыру үдерісінің теориялық және тәжірибелік негіздерімен таныстыру.

      Оқу құралында стратегия түсінігі және оның мазмұны мен мәні тереңдетіліп қарастырылған. Стратегиялық басқару эволюциясының тарихы беріліп, неліктен белгілі бір басқару жүйесі бірте-бірте алмасатындығы, олардың басқа да түрлерімен толықтырылып отыратындығы, ұйымдардың міндетті түрде қысқа мер6 зімді табыс табудан бас тартып, ұзақ мерзімді тұрақты дамуға бағытталуы көрсетіледі.

      Әдетте ұйым стратегиясын құрастыру мақсаттар мен миссияны анықтаудан басталады. Әрі қарай стратегиялық талдау жүзеге асырылады. Стратегиялық талдаудың негізгі мақсаты – ұйым қызмет атқаратын саланы сипаттайтын негізгі көрсеткіштерді талдау, бәсекелестік бағытын, оны үдететін факторларды бағалау арқылы салада ұзақ мерзімді тұрақты даму мүмкіндіктерін анықтау. Сонымен қатар ұйымның ішкі ортасына талдау жасау арқылы оның әлеуетін, күшті және әлсіз жақтарын білу.

      Оқу құралын құрастыру барысында көптеген мақалалар, оқулықтар, оқу құралдарының ақпараттары қарастырылып, өңделініп қолданылды. Солардың ішінде А.А.Томпсон және А.Дж. Стриклендтің «Стратегиялық менеджмент» оқулығына аса ерекше назар аударылып, сілтемелер жасалынды.

      Стратегиялық басқару – бизнес жүргізудегі маңызды, ұйым болашағына тікелей әсер ететін шешімдерді қабылдау негізі. Ол топ-менеджмент деңгейінде құрастырылады, бірақ барлық жұмысшылардың мақсатын қамтуы тиіс, сондықтан да стратегияны жүзеге асыруға барлық жұмысшылар белсенді қатысуы керек. Статистика бойынша ең тиімді және дұрыс құрастырылған стратегия 10-ақ жыл өмір сүреді. Бірақ осы 10 жыл ішінде ол сыртқы және ішкі орта факторлары себебінен көптеген өзгерістерге түсуі мүмкін. Дегенмен басты мақсат пен миссия компанияны тура жолға салып, жетелеуші негізгі фактор болады. Стратегиялық басқаруды тиімді игерген компаниялар ғана салада ұзақ мерзімде табысты жұмыс істеуге жолдама алады. Сондықтан да қазақстандық компаниялар өз қызметтерін стратегиялық даму бағдарламаларына негіздеп, ұзақ мерзімді салаларды көздеп қызмет атқаруы тиіс.

      1. СТРАТЕГИЯЛЫҚ МЕНЕДЖМЕНТ МӘНІ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ

      1.1. Стратегия түсінігі және оның мәні

      Стратегиялық басқару – ұйымның алға қойған мақсатына жету үшін қолданатын негізгі құралы. Өйткені ол ұйымның барлық қызмет салаларындағы іс-әрекеттер мен жұмыс түрлерін үйлестіріп, барлық ресурс түрлерін бір мақсатқа жету үшін жұмылдырады. Стратегиялық менеджмент ұйымды ұзақ уақыт тұрақты дамуға бейімдеп, бәсекелестерге төтеп бере алатындай қасиеттерді дамытып, сыртқы орта өзгерісіне тез бейімделу қабілетін дамытады.

      Соңғы уақытта сыртқы ортаның тез өзгеруі стратегиялық менеджмент мәнінің күрт өсуіне алып келді. Стратегиялық менеджмент дамудың жаңа стратегияларын жүзеге асырып отырған ұйымдар үшін өте маңызды. Бірақ барлық ұйымдарда бірегей стратегия, сонымен қатар бірегей стратегиялық басқару болуы мүмкін емес. Әрбір ұйымның өз ерекшеліктері бар, сондықтан стратегия құрастыру және оны жүзеге асыру үдерісі де ерекше болады. Ол ұйымның нарықтағы орнына, даму қарқынына, әлеуетіне, бәсекелестердің мінез-құлқына, өндірілетін тауар немесе көрсетілетін қызмет түріне, экономика жағдайына, мәдени ортаға және басқа да жағдайларға байланысты.

      «Стратегия» сөзі грек тіліндегі «зіғаіедоз» сөзінен аударғанда «генералдың шеберлігі» деген мағынаны білдіреді. Алғаш рет бұл сөзді Александр Македонский өзінің әскери жорықтарын, іс-қимылдарын жоспарлап жүзеге асыру мақсатында қолданған. Кейінірек, ХХ ғасыр ортасына таман экономикалық өсу қарқындап, бәсекелестік күрес күшейе түскен кезде менеджмент саласына экономикалық термин ретінде енгізілген. Қазір кез келген ұйым қызметінде стратегия терминін тиімді ұйымдастыру, басқару және даму құралы ретінде қолданады.

      Стратегия түсінігін сан түрлі бағытта қарастыруға болады. Оның жүздеген анықтамасы бар, әрқайсысы стратегия түсінігін түрлі қырынан көрсетеді. Стратегия – бұл:

      • шебер басшылық;

      • ұзақ мерзімді жоспар;

      • бизнесті жүргізу қағидалары;

      • шешім қабылдау әдістері мен тәртібі;

      • ерекше нарықтық позицияға ие болуды қамтамасыз ету;

      • бәсекелестерден озудың тиімді жолдары.

      Яғни, стратегия мәні – бәсекелестік артықшылықты қалыптастыру және қойылған міндеттерді экономикалық тиімді жолмен шешу мақсатында компанияның өндірістік-сату