Бағалы қағаздар нарығының өзіндік ерекшілігі бар қызметтеріне мыналар жатады:
1. қайта бөлу қызметі;
2. қаржылық және баға тәуекелін сақтандыру немесе хеджирлеу қызметі.
Ақша қаражаттарын қайта бөлу қызметі бағалы қағаздарды шығару және оның айналымда болуымен байланысты, яғни бұл қызметтің мәні мынада: мемлекет пен жеке және заңды тұлғалар арасында; халық пен кәсіпорын арасында; сала арасында, аумақ пен ел арасында ақша қаражаттарының қайта бөлінуінде.
Сонымен, қайта бөлу қызметін шартты түрде мынадай қосалқы қызметтерге бөлуге болады:
1. нарық қызметінің салаларына ақша қаражаттарын қайта бөлу;
2. халықтың жинақтарын өнімсіз формадан өнімді формаға ауыстыру;
3. инфляциялық емес негізде, айналымға қосымша ақша қаражаттарын шығармай-ақ мемлекеттік бюджеттің тапшылығын қаржыландыру.
Бағалы қағаздар нарығының қаржылық және баға тәуекелін сақтандыру немесе хеджирлеу қызметінің мәні – тәуекелді қайта бөлу болып табылады. Бұл қызмет туынды бағалы қағаздардың пайда болуына байланысты қолданысқа ене бастады. Осы қызметтің көмегімен бағалы қағаздар нарығы өзінің тұрақтылығын және мәнділігін ұлғайтты.
3.2 Бағалы қағаздар нарығының құрамдас бөліктері
Бағалы қағаздар нарығының құрылымы күрделі болып келеді. Бағалы қағаздар нарығының құрылымын жан-жақты қарастыруға болады. Сонымен, бағалы қағаздар нарығының құрамдас бөліктерінің қалыптасу негізі мынада: тек бағалы қағаздардың түрлерімен ғана шектелмейді, сонымен қатар сауда-саттықты ұйымдастыру тәсілдерімен де байланысты болады. Осы тұрғыдан алғанда бағалы қағаздар нарығының құрамдас бөліктері болып мыналар табылады:
1. бағалы қағаздың айналым кезеңіне қарай: алғашқы және қайталама нарық;
2. бағалы қағаздар нарығын реттеу деңгейіне қарай: ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған нарық;
3. сауданы жүргізу орнына қарай: биржалық және биржадан тыс нарық;
4. сауданы жүргізу тәсіліне қарай: дәстүрлі және компьютерлендірілген нарық;
5. бағалы қағазбен жасалған мәміленің орындалу мерзіміне қарай: кассалық және мерзімді нарық.
Алғашқы нарық – эмитенттің (андеррайтердің немесе эмиссиялық консорциумның) жарияланған эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруын білдіреді.
Қайталама нарық – орналастырылған бағалы қағаздардың айналымы процесінде бағалы қағаздар нарығының субъектілері арасында қалыптасатын құқықтық қатынастарды білдіреді. Бұл нарықта бағалы қағаз иесінің меншік құқықтарының басқа тұлғаға өтуіне баланысты кез келген жиынтық операциялар орындалады.
Ұйымдастырылған нарық – мәмілелер сауда-саттықты ұйымдастырушының ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылатын эмиссиялық бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдарының айналым саласын білдіреді.
Ұйымдастырылмаған нарық – бағалы қағаздармен жасалатын мәмілелер сауда-саттықты ұйымдастырушының ішкі құжаттарында белгіленген