Еуразия кеңістігін қамтыған түркі халықтарының, соның ішінде Авар қағанатының тарихы – тың және күрделі зерттеулерді талап ететін мәселе.
Орасан зор Еуразия құрлығындағы орталық кең-байтақ алқапты сайын дала мен құмды шөлдер белдеуі алып жатты. Міне, тап сол кеңістікте көшпелі ұлы мемлекеттер пайда болды. Қазіргі Қазақстанның және оған шектес жатқан аймақтардың аумағында дүниеге келген алуан түрлі мәдениеттер әлемнің көптеген халықтарының дамуына айқындаушы ықпалын тигізді.
Орталық Азиядағы алғашқы ірі көшпелі империялар қатарына ғұн (хунну) тайпалық бірлестіктерін атап өтуге болады. Еуразиядағы, Еуропадағы халықтардың Ұлы қоныс аударуына қуатты серпін берген түркі тайпа ұйымдары – ғұндар, Шығыс пен Батыс тарихында өте маңызды орын алады. Барлық Еуропа, Еуразия континентін іс жүзінде қамтыған және оның саяси, этникалық мәдени өмірін түбегейлі өзгерткен қоныс аудару процестерінің шыңы дәл ІV-VІІ ғасырларға келеді. Азия мен Еуропаны қамтыған ғұн тарихынан бастап, шын мәнісінде Еуразия, еуразияшылдық тарих басталып, аварлардың үстемдігі тұсында өз жалғасын тапты.
Авар қағанаты тікелей Батыс Еуропаны дүр сілкіндірген ғұн империясының ізімен түркілік дәстүрді дәріптеушілер болып табылады. Аварлар – түркі тілдес тайпалардың бір тармағы.
ІV-VІІІ ғасырлардағы жылнамалар Еуропада түркілердің алғашқы легі аварлардың, бұлғарлардың, суарлардың, хазарлардың пайда бола бастағанын жазады. Шығыстан Батысқа қарай оғыз-печенегтер, түркілер, салжұқтар, сондай-ақ қарлұқтар, қыпшақтар (половецтер, құмандар), қырғыздар ағылды. Біздің арғы ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келді.
Орасан зор кең-байтақ аумақта қоныс аудару мен болған көшпелілер Еуразияның этносын және мемлекеттік бет-бейнесін бір емес, бірнеше рет өзгертті. Мейлінше кең тараған тілдік топтардың бірі – түркі тілдік тобының Еуразияға қарай жылжып ене бастауы – ерте кезеңде пайда болған құбылыс.
Осы кездегі өркениетті елдердің негізін құрған халықтар кезінде бір-бірімен дұрыс араласа алмай жатқанда, шаруашылықты жүргізу тәсілдері мен әскери өнерді меңгеруде алдына жан салмаған Еуразия құрлығының қақ ортасындағы түркілер өзге халықтарға мәдениет жеткізуші, Шығыс пен Батыс мәдениетін бір-біріне жалғастырушы рөлін атқарды. Еуразияшылдық жайындағы мәселені айтсақ, ол – басты мұрат ретінде адам мәдениетінің екі жағының тұтастығы, Шығыс пен Батыс күш қуаттарының бірігуі. Егер бүгінгі күні Батыс пен Шығыстың өзара түсіністігі, өркениетті сұхбатымен бірлесе қимылдауы туралы сөз болса, бұл мағынасында еуразияшылдық бізге не береді деген де сұрақ тууы орынды. Осындай жағдайларға байланысты біз Еуразия тарихын тереңінен зерттеуіміз қажет. Сонымен, VІ-VІІІ ғасырларда Шығыс Еуропа даласына қоныс аударып барған аварлар жергілікті халықтың тек этникалық құрамын өзгертіп қана қоймай, олардың қоғамдық өміріне, тұрмыс-салттарына, әскери тактикаларына (әсіресе атты әскерде) бірқатар өзгерістер енгізді. Жоғарыда айтып кеткендей, аварлар ғұн дәстүрін жалғастырушылар болғанымен, Авар қағанаты ғұндар сияқты ірі держава дәрежесіне жете алмады. Әйтсе де Авар қағанаты өз заманында ірі тайпалық одақ құрып, Шығыс Еуропаның бірнеше тайпаларын өзіне бағындырып, Византия империясының ішкі және сыртқы саяси жағдайларына өз әсерлерін тигізді. Аварлар славян тайпаларын өзіне тәуелді етіп, тіпті олардың бір тармағы шығыс славян – анттарды тарих сахнасынан жоғалтып жіберген деген мәліметтер Византия жылнамаларының еңбектерінде айтылады. Аварлар түрлі тайпалардан құралған одақ болды. Деректер мен археологиялық мәліметтер бойынша, аварлар – Шығыстан, яғни Орта Азиядан шыққан тайпалар.
Өзіміздің тарихымыздан белгілі ғұндар және одан кейін ХІІІ ғасырларда жалпы әлемді жаулап алуды көздеген Шыңғысхан құрған империяның да негізгі жетістіктерге жетуіне атты әскер мен түрлі қарулар, соның ішінде садақ пен жебе бірден-бір себеп болған. Авар қағанатының да көптеген жорықтарының сәтті өтуі, Еуропа даласының саяси аренасында басты рөл атқаруына негізгі түрткі – әскери жағынан жақсы ұйымдасушылығы, негізгі орында ауыр жабдықталған сауытты атты әскердің болуы және басты қару ретінде садақ пен жебенің кең қолданыс табуы сол заманның үлкен жетістігі еді. VІ ғасырда Еуропада ауыр қаруланған атты әскері бар Авар қағанатына төтеп бере алатын бірде-бір мемлекет болмаған.
Сонымен авар қоғамын жасаушылар Еуропаға, әсіресе әскерді жабдықтау саласында бірнеше жаңалықтарды ашып берді. Атап айтқанда, сауыт жамылған атты әскер, ертоқым, темірден жасаған үзеңгі мен жүген. Аталған ат әбзелдері сол заманда атты әскерде үлкен жаңалық болып есептелді. Ат әбзелдер, алдымен, ат үстінде нық отыруға және темірден жасалған жүген мен үзеңгі атты белгілі