Еуропа жəне Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1945-2009). Бақыт Бөжеева. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Бақыт Бөжеева
Издательство: КазНУ
Серия:
Жанр произведения: Учебная литература
Год издания: 2010
isbn: 9965-29-514-X
Скачать книгу
жасалынған бейбіт бітім негізінде Трансильванияның бір бөлігінің Румынияға қайтарылуын бекітті.

      Финляндия КСРО-ға Петсамо облысын қайтарды және Фин шығанағының солтүстік жағалауындағы (Хельсинкиден алыс емес) Порккала-Удд аумағын 50 жылға жалға берді, онда кеңестік әскери-теңіз тірегі құрылатын болды.

      Бейбіт келісімдердің саяси қаулысы Италия, Румыния, Венгрия, Болгария және Финляндия елдеріне барлық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету міндеттеді, фашистік ұйымдар қызметінің қайтадан жандануына тыйым салынды және бұл елдерге өзінің қорғанысы үшін шектеулі қарулы күш қолдануға рұқсат етілді, бірақ атом және жаппай қырып жоятын қару түрлерін жасауға тыйым салынды.

      Келісімдердің экономикалық тараулары агрессия құрбандарына: Кеңестер Одағына, Албания, Грекия, Югославия, Чехословакия және Эфиопияға репарация төлеуді қарастырды.

Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:

      1. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңдегі халықаралық аренадағы саяси күштердің өзгеруі.

      2. Тегеран халықаралық мәслихатындағы қарастырылған мәселелерді атаңыз.

      3. Ялта халықаралық мәслихатының шешімдеріне сараптама жасаңыз.

      4. Потсдам халықаралық мәслихатындағы герман мәселесі.

      5. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі отар мәселесінің шешілуі.

      2-тарау

      АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТАТТАРЫ (1945-2009 ж.)

      Екінші дүниежүзілік соғыста АҚШ аса зор зардапқа тап болған жоқ, дегенмен, 300 мыңға жуық адамы қаза болды. Сонымен қатар, соғыс америкалық экономиканың дамуына ықпал етті. Соғыс жылдарында АҚШ-тың өндірістік қуаттылығы екі есе күшейді, ал экспорты бес есеге өскен болатын.

      Екінші дүниежүзілік соғыстан АҚШ мемлекеті өзінің экономикасы жағынан күшейіп шыға отырып, капиталистік әлемнің басты елдерінің біріне айналды. Капиталистік әлем экономикасындағы АҚШ өнеркәсібінің үлес салмағы 1938 жылы 40 пайызды құраса, ал 1948 жылы, яғни он жылдан кейін 55 пайызға жетті. Капиталистік әлем бойынша саны жағынан көп әрі мықты әскер осы АҚШ елінде болды. 1949 жылға дейін ол атомдық қаруға ие бірден-бір мемлекет еді. Елдің осындай экономикалық күшеюі, АҚШ мемлекетінің әлемдегі саяси үстемдігін нығайтуға ықпал етті.

      Жалпы АҚШ-тың осы мақсаттағы іс-шараларын жүзеге асыруда екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өзінің әлемдік беделін күшейте алған Кеңестер Одағы тарапынан қарсылыққа ұшырады. АҚШ өзінің сыртқы саясатының ең басты міндеттерінің бірі ретінде КСРО-ға қатысты бағытты қойды.

      Президент Рузвельт бастаған «жаңа бағыт» бағдарламасының экономикалық және әлеуметтік салаларындағы реформалары соғыстан кейінгі кезеңде де жалғасын тапты. 1944-1946 жылдарында демобилизацияға ұшыраған әскери қызметкерлердің жағдайын жеңілдету үшін бірнеше заңдар қабылданды: мәселен, «әскери билль» – соғысқа қатысушыларға жеңілдіктер жасалды, жұмысбастылық заңы, зейнетақы мен жәрдемақыны көтеру туралы актілер.