Дамыған орта ғасырларда өндіргіш күштердің дамуы тек археологиялық деректер бойынша ғана емес, сонымен бірге құжаттар мен анналдардың жанама мәліметтері бойынша да байқалып отырды. Қолжазбаларда, соборлар мен ратушалардың барельефтері мен витраждарда, кілемдерде қолөнер мен ауылшаруашылығы еңбегінің көптеген көріністері бейнеленіп сақталып қалған. ХІІІ ғасырда Батыс Еуропада бірқатар ауылшаруашылық трактаттары жасалды. ХІV-ХV ғасырлардан бізге дейін сауда ісі, шұға өндіру жөніндегі трактаттар жетті. Қалалық қолөнер тарихының аса құнды түпнұсқалары цехтық статуттар болып табылады.
Феодалдық өндірістік қатынастар көрінісі әртүрлі құжаттарда бейнеленген. Грамоталар, поместьелер мүлкін хаттау, шаруалар борыштарының тізімі ХІ-ХІІ ғасырлардың аграрлық тарихының негізгі құжаттары болып табылады. Бұл құжаттардың біразы түпнұсқа түрінде сақталған, негізгі көпшілігі көшірме немесе картикулярийге енгізілген түсіндірме түрінде жетті. Аса құнды түпнұсқа – «Қаһарлы сот кітабы». Ол –Англия тарихынан мәлімет береді және барлық жер иелігінің, елді мекендердің, елдің қалалары мен халқын қосып есептеген санағы іспеттес кітап.
ХІІІ-ХV ғасырларда ақшалай рентаның пайда болуын туғызған тауар-ақша қатынастары жаңа құжаттардың пайда болуына ықпал етті. Бұл құжаттардың көп бөлігі көшірмеде сақталған. ХІІІ ғасырдағы Англияның аграрлық және әлеуметтік тарихының құнды түпнұсқалары билік тергеуінің нәтижелері бойынша жасалған жер санағы болып табылады. Олардың ішінде 1279 жылғы «Жүздік оралымдар» құнды құжат. Бұл деректе орталық Англияның кейбір графтықтарының жер иелігі тұтастай тізімге алынып жазылған. Германия үшін ХІІІ ғасырда «Марка уставының», яғни әдеттегі құқық жазбаларының көрінуі тән. Оларда қауым тәртіптері, шаруалардың феодалдар пайдасына атқаратын борыштары да көрсетілген.
Франция тарихы жайлы маңызды деректер грамоталар болып табылады. Галлияда антика заманынан бері грамоталарды аграрлық қатынастарда ресми түрде құжат ретінде қарастырған және бұл грамоталарда феодалдық сеньорлықтар туралы мәліметтер сақталған.
Қалалардың дамуы қалалық хартияларды және статуттарды өмірге әкелді. Олар қала ішіндегі ұйымдастыру жұмысын, қалалардың сеньорлармен қатынасын реттеп отырды. ХІІІ ғасырдан бастап цехтардың ішкі құрылыстарын реттейтін уставтар жазылды. Мұндай түпнұсқалардың ішінде Парижде 1268 жылы жазылған «Қолөнер кітабы» ерекше орын алады, мұнда 100 цехтық статут жиналған.
Француз қалалары туралы деректерді, ең алдымен, «конституциялардан» (хартиялар) бастау керек. Фактілік жағынан алғанда олар – сеньорлар мен азаматтар арасындағы келісімшарттар. Хартиялар қала көлеміне де, ауылдық жерлерге де байланысты болды. Ежелгі хартиялардың бірі – ХІІ ғасырдың бірінші жартысында VІ Людовиг тұсында жазылған «Лориск хартиясы». Лориск хартиясы бүкіл домен жерлеріндегі қалаларда қабылданды.
1182