1) жиналған мәліметтер мен демографиялық сараптамалар негізінде демографиялық үрдістердің бағыттары мен факторларын зерттеу;
2) демографиялық болжамдар жасау;
3) демографиялық статистикалық іс-шараларды дайындау жатады.
Демографияда сипаттамалық, статистикалық және математикалық саралау, абстракты-сараптамалық, салыстыру, талдау және жинақтау, қорытындылау, индукция және дедукция, жорамалдар ұсыну әрі оны тексеру, экстраполяция және үлгілер жасау, демографиялық тәртіптің социологиялық зерттелуі, картографиялық, т.б. зерттеу әдістері қолданылады.
Қазіргі демография – халық туралы кешенді ғылым, дәлірек айтқанда халықтың ұдайы өсуі мен жеке демографиялық үрдістерді бірігіп зерттейтін өзара тығыз байланыстағы ғылымдар жүйесі. Басқа ғылымдардағыдай демографияда да мамандану үрдісі жүруде. Оның салаларына, мысалы, демографиялық статистика, теориялық демография, тарихи демография, экономикалық демография, әлеуметтік демография, т.б. бөлімдер кіреді. Демографияның бірнеше бағыттағы: демографиялық теория, халық және демографиялық үрдістер туралы алғашқы мәліметтер жинақтау, демографиялық үрдістерді сипаттау, таза немесе фор-мальдық демография, демографиялық саралау, тарихи демография, т.б. жұмыстарын атауға болады.
Қорытындысында демографияның ғылыми жүйесін құрайтын жеті басты бағыты:
1) теориялық демография, демография тарихы, сипаттамалық демография, экономикалық демография, әлеуметтік-демографиялық үрдістерді үлгілеу, яғни ғылымның теориялық іргетасы, т.б.;
2) демографиялық ғылым салалары: медициналық демография, этникалық демография, әскери демография, саяси демография, т.б.
3) мәліметтердің деректері мен әдістері: халық туралы мәліметтер деректері, статистикалық, математикалық, социологиялық, картографиялық, т.б. әдістер;
4) аймақтық демография;
5) қолданбалы демографиялық зерттеулер;
6) әлеуметтік-демографиялық болжам;
7) демографиялық саясаттың теориялық негіздері сараланады.
Демография: 1) халық экономикасы, әлеуметтану, әлеуметтік психология, әлеуметтік және миграциялық саясат, халық географиясы, этнография, т.б-ды зерттейтін әлеуметтік-экономикалық және тарих ғылымымен; 2) математика және статистикамен (формальды демография мен статистикалық демография);
3) биология ғылымымен (халық генетикасы, эволюциялық биология, эпидемиология, халық дамуының биологиялық болжамы, т.б.) тығыз байланыста дамиды.
Демографияның, әсіресе, тарихпен байланысы ерекше, демография мәселелерінің ғылыми маңызын оның тарихи тамырынсыз, тарихи дәлелінсіз, яғни тарихи демографиясыз тану мүмкін емес.
Кеңестік Қазақстанның алғашқы кезеңінің тарихи-демографиялық және тарихи географиялық мәселелері өте маңызды. Қазақстан аумағы мен оның халқының ғылыми тұрғыдан зерттелуі ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Бұл мәселеге байланысты еңбектер баршылық. Дегенмен, Қазақстанның біз ден қойып отырған кезеңіндегі аумағы мен халқы, ұлттық құрамы, білімі, жас/жынысы, әлеуметтік құрамы туралы кешенді еңбектер әлі де аз. Кеңестік Қазақстанның демографиялық тарихы (1920 – 1990) күрделі. Әсіресе, 20-ғасырдың 30–40-жылдарының қоғамдық дамудағы орны айрықша. Әлеуметтік аласапыран өзгерістер – ұжымдастыру, көшпелілерді зорлықпен отырықшыландыру салдарынан орын алған ашаршылық, эпидемия, т.б. этнодемографиялық үрдістер терең зерттеуді қажет етеді. 1980 жылдары зерттеушілерге мүмкіндік берген мұрағат материалдары бұл мәселені жан-жақты зерттеуге жол ашты. Осы уақытқа дейін зерттеушілерге жабық болған 1937 және 1939 жылдардың санақ материалдары осы еңбекте кеңірек сараланбақ, сонымен қатар 1930 жылдардың басындағы оқиғаларды Қазақстанның 1920 жылдардағы демографиясынан бөлек түсіндіру мүмкін емес. Сондықтан бұл еңбектің алдына қойған бірінші мақсаты – Қазақстанның РКФСР құрамында автономия болған 1920 – 1936 жылдардағы демографиялық тарихы. Екінші мақсат – 1937 және 1939 жылдардағы Бүкілодақтық халық санақтарын саралау әрі сол мәліметтерге сүйене отырып Қазақстанның 30-жылдардың соңғы кезеңінің демографиялық бейнесін беру.
Халық тарихын зерттеудегі басты мәселе – деректердің хал-жайы. Ол ежелгі дүние мен жаңа ғасырдағы халық санының ара-салмағына байланысты туындаған дау-дамайлардың нәтижесінде
17-18-ғасырларда стихиялы түрде пайда болды. Бұл мәселенің өткір әрі практикалық