Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты этнология бөлімі 1955 жылы «Қазақстан және Орта Азия халықтарының тарихи-этнографиялық Атласы» атты тақырып бойынша кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастап, Қазақстанның бірқатар облыстарында экспедиция ұйымдастырып, далалық материалдар жинақтады. Экспедиция 1958 жылы Қызылорда облысы қазақтарын қамтып, В.В.Востровтың жетекшілік етуімен зерттеу жұмыстары Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі аудандарында жүргізілген. Экспедиция құрамында Тарих, археология және этнография институтының мамандары М.С.Мұқанов, Р.Д.Ходжаева, В.Галиев, М.Оразбаков, ҚР Орталық Мемлекеттік Музей маманы Н.А.Оразбаевалар болып, зерттеу нәтижелері В.В.Востровтың «Некоторые вопросы этнографии казахов Кзыл-ординской области» [71], М.С.Мұқановтың «К вопросу о родорасселении казахов на территории Казалинского и Перовского уездов Сырдарьинской области (вторая половина ХІХ века)» [264] атты мақалаларында, И.В.Захарова, Р.Д.Ходжаеваның «Казахская национальная одежда (ХІХ – начало ХХ вв.)» [139] атты зерттеуінде, М.С.Мұқановтың «Казахская юрта» [265] атты еңбектерінде қамтылған. Бұл еңбектердің иллюстрациялық деректерінің де маңызы айырықша. Экспедиция мүшелері зерттеу жұмыстары кезінде алынған материалдық мәдениет мұраларын ҚРМОМ коллекциясына өткізген [204].
В.В.Востров, М.С.Мукановтың «Родоплеменной состав и расселение казахов (конец ХІХ – начало ХХ вв.)» [72], Х.Арғынбаев, М.Мұқанов, В.Востровтардың «Қазақ шежіресі хақында» [31] еңбектерінде Перовск және Қазалы уездері қазақтарының ру-тайпалық құрамы мен мерзімдік қоныстары қамтылған. Авторлардың бұл еңбектерінің жазылуына алғашқы санақ материалдары, әскерилер зерттеулері және Қызылорда этнографиялық экспедициясы материалдары деректік негіз болған. «Родоплеменной состав и расселение казахов (конец ХІХ – начало ХХ вв.)» атты еңбекте Перовск және Қазалы уездерінің ру-тайпалық құрамы картамен берілген.
Қызылорда экспедициясының материалдары «Хозяйство казахов на рубеже ХІХ-ХХ веков. Материалы к историко-этнографическому атласу» [370] атты ұжымдық еңбектің «Перовский уезд», «Казалинский уезд» бөлімдерін жазу кезінде, сондай-ақ, Х.Арғынбаевтың «Қазақ отбасы» [28], «Қазақ халқының қолөнері» [29], «Народные обычай и поверья казахов, связанные со скотоводством» [398] атты еңбектерінде қолданылған. Э.А.Масановтың «Казахское войлочное производство