Әже – 70-те.
Қаптал – Дариғаның ағасы, полиция сержанты, 25-те.
Бірінші акт
Бірінші көрініс
Жаз. Айлы түн. Өзен жағасы. Қос ғашық Қасым мен Дариға оңаша кездесіп тұр. Ай сәулесі жастардың алаулаған жүзінде ойнайды.
Қасым:
(Дариғаға үздіге тіл қатып:)
Өзіңмен қалсам кезігіп,
Ғажайып бір күй туатын,
Екеуміз ғана сезініп
Екеуміз ғана ұғатын!
Айтуым керек болса да,
Сөз табу қиын мұндайда,
Айым-ау мені қинамай
Айтқызбай білсең болмай ма?
Дариға:
(Толқығанын сездірмеуге тырысып, сабырлы тебіреніспен:)
Үлгілі жырың болмаса
Үндемей қалған көп жақсы,
Айқайлап жатқан әлемде,
Айтылмай қалған сөз жақсы!
Қасым:
Алаулап нұрың жүзіңде
Ботадай көзің мөлдіреп,
Жарқ ете қалған кезіңде
Кетеді жаным елжіреп!
Наздана күлсең сыңғырлай
Жадырар жаным жаңарып,
Жаңбырдан соңғы қырлардай
Дүние кетер тазарып!
Дариға:
Өмірдің әні махаббат
Өртіне қалай шыдарсың,
Жабырқап жүр ме жас жаның
Жаңбырға неге құмарсың!?
Қасым:
Жауынға тоссам кеудемді
Құйылғандай көктен нұр,
Жаныңа шипа болғандай
Тамшысы қандай мөп-мөлдір!
Дариға:
Аппақ тамшы,
Кіршігі жоқ,
Қай сәуледен жаралдың?
Тозып кеткен
Тіршілікке
Мөлдірлік боп таралдың,
Кейде, жаным,
Ұшып кеткің
Келмей ме осы ғарышқа,
Содан кейін
Аппақ нұр боп
Жерге қайта оралғың?!
Қасым:
Күннен шуақ аламыз, жерден қуат,
Тасқа қына бітеді, көлге құрақ.
Жаратылып жан біткен жақсылықтан
Жан сарайын ашады мөлдір бұлақ…
Дариға: (іліп әкетіп:)…Жамандық у жаяды неге бірақ? (Сәл бөгеліп, айнала жүріп:)
Өзенді бойлап өлкені кезгім келеді,
Мекен ғып біраз қауырсын қанат кемені,
Ақша бұлттарға орана кетіп кей-кейде
Мұхитқа барып мұңымды шаққым келеді!
Қасым:
Сүйгенінен үміт күткен күн – түнде,
Ғашық болған түсінеді кім кім де,
Бұл өмірде махаббатын тапқан жан
Өзге жұртты жек көруі мүмкін бе!?
Шолпандай боп туған аппақ таңдарда,
Қандай ғажап мынау әлем сен барда,
Бақыт деген немене деп ойлаушы ем
Бақыт деген сен екенсің жалғанда!
Дариға:
Мәңгі бірге жалын болып жанамыз,
Бақыт атты бай әлемге барамыз,
Жер мен көктің арасында айналған
Дүниеде тек екеуміз ғанамыз!
Тек екеуміз ғанамыз!
Қасым:
Айдай балқып айдынға кеп қонатын,
Аққудай боп келші жайған қанатын,
Пәктігіне бұл пәнидің қызығып
Кірпік қақпай қарасыншы қара түн!
Ай нұрына бөленген екі аққудай бір-біріне ақырын-ақырын жақындай береді…
Екінші көрініс
Әжесі мен Қасым өз үйлерінде отыр.
Әже: (айран құйғалы жүріп, немересін мейірлене иіскеп қояды:) Өй, құлыным-ау сол! Әжесінің баласы! Әжесінің баласы! (Айран құйып беріп:) Әжесінің баласы-ау, соңғы кезде ылғи түн ортасы ауа келетін боп жүрсің…Бүгін тіпті кешігіп келдің ғой… Түнімен көз ілгем жоқ…сені уайымдап…
Қасым: Ә-ә, кітапханада отырып қалып…
Әже: (қуақыланып:) Сондай қызық кітап па екен?
Қасым: Иә, тіпті уақыттың қалай өткенін байқамай қалыппын…
Әже: Кітапхана түнімен жұмыс істейтін болған ба қазір?
Қасым: Ә-ә…не… иә…жоқ! Кітапханадан шыққан соң жатақханаға барып,