Қыз ұшақтан түсе сала жан-жағына қарайды.
– Жүрегім шыдамай, қатты соғып тұр. Үйеме оралғандай болдым! – деп Айсұлу әже қуанышын білдірді.
– Әжетай-ау, осы күнді соңғы он жыл күттіңіз. Мықты болыңыз! – деп, немересі көзілдірігін шешіп, айналаға қарап, қаланың ауасын терең жұтып, біраз демалып тұрды.
Жиырма жастағы орта бойлы, қара шашты, беті жүдеу келген, үстінде жеңіл пальтесі бар арудың есімі Күміс екен.
– Такси! Такси!
Бойы ұзын, жас такси жүргізушісі қастарына тоқтап:
– Қайда барасыздар? – деп сұрайды. Күміс қолындағы қағазды такси жүргізушіге бере салды. Машинадан шығып, сөмкелерін алып, машинаға қарай апарады.
– Отырыңыздар. Малиновка ауданы ма? Бір сағаттай жол жүреміз.
Айсұлу әже айналасына қарап:
– Алла тағалаға шүкір, Құдайға мың да бір шүкір, – деп қайталай береді. Белін қолымен ұстап, немересі екеуі такси жүргізушінің артынан ерді. Жүргізуші артқы есікті ашып, әжеге отыруға көмектесті.
Такси қозғалды. Әже терезеге қарап ойланып, өзін бір басқа әлемде жүргендей сезінді. Бұны байқаған немересі:
– Әжетайым, бәрі жақсы ма? – деп қолынан ұстайды.
– Бәрі де жақсы, балапаным.
– Сіз алыстан келген сияқтысыз? – деп такси жүргізуші сұрады.
– Түркиядан, балам, – деді әже.
Такси жүргізуші алдыңғы айнаға қарап: – Бәсе, біз жақтың қазақтарына ұқсамайсыздар. Бірақ та нағыз қазақ екендеріңіз, көздеріңізден-ақ көрініп тұр!
– Е, – деп әже басын шайқайды, – Туған жерімізге енді келіп тұрмыз, бір ғасырдай уақыт өтті, өмір деген қамшының сабындай ғой! – тағы да терезеден далаға қарап, ойланып қалады.
– Әжетай, бәрі жақсы ма? – немересі қолын ұстап, қайта-қайта әжесінен көзін алмай, уайымдап, сұрады.
– Жақсы, балапаным, уайымдама, сенің әжең мықты!
Машина бір сағаттай Астана көшелерімен жүрді.
– Әжетай, қараңызшы, сіздің туған жеріңіз қандай әдемі! Жаңа үйлер, биік ғимараттар салынып, бәрі де теледидардағыдай… Жаңа жас қала жарқырап тұр!
– Балам-ау, туған жерінен қымбат жылу жоқ қой!
Біраз уақыт жол жүрген соң, жүргізуші үлкен қоршауы бар аулаға кіріп, тоқтайды.
– Келіп қалдық па? – деп әже терезеге қарады.
Күміс әжесіне машинадан түсуге көмектесті. Белі қисайған әже жан-жаққа қарап, біраз үндемей тұрып қалады.
– Сіздерді күте тұрайын ба? – деп жігіт сұрады.
– Күтсеңіз, күтіңіз, – деп жауап берді әже.
Алдында үлкен әріппен «АЛЖИР» деген жазу көрінді. Әже басын көтергенде, екі қолымен бетін ұстап, көзі бұлдырлап кетеді. Аулаға кіріп келгенде, әженің бүкіл өмірі көз алдынан өте шығады. Вагон ішіндегі макеттерге қарап, жүрегі қатты соғып кетеді. Бұрынғы өміріне оралып, өзінің анасын көргендей болады.
– Әжетай, бәрі дұрыс па? – немересі сұрайды. Ал әжесі болса, басы айналып, бір нүктеге қадалып, көзін алмай тұрып қалды.
Еске түсіру
– Қаламқас, тез балаларды тық! – деп үйге кіріп келген Нәсіп айқайлай салады.
Қаламқас биік тұрған төсектің артындағы, киіздің шетін көтеріп, тесіктен балаларын далаға шығарып жібереді.
– Көрші үйге жүгіріңдер. Айсұлуды тастама! – деп Қаламқас Сырдарға тапсырады. Сырдар кішкентай сіңлісін қолынан ұстап, қатты қорыққаннан жүгірді. Үйге үш адам кіріп келді. Қаламқас кірген адамдарды жақтыртпай, бір орында тұрып қалады.
– Нәсіп, қалың қалай? – деп сұрайды. Екі қолын артына салып алған, белінде қылышы бар НКВД адамы екен.
Нәсіпке жақындап, мойнына қылышты тақап: – Тығып қойған малың бар ма? – деп сұрайды.
– Малдың бәрін айдап кеткен жоқ па едіңдер?!
– Үйің тап-таза екен, әйелің де сұлу! Ал балаларың қайда?
– Үкімет малдың бәрін жойып жатыр, аштан қатырғанша, халықтың қамын ойламайсыңдар ма? – деп Нәсіп айта салады.
Ашуланған НКВД адамы: – Сенің жұмысың болмасын!
Есік алдында қолдарында мылтықтары бар НКВД-ның тағы екі жігіті тұрды.
– Көп сөйлесең, үкіметке қарсы шықсаң, қамап тастаймын, – деп кеудесінен алып, қорқытты. Қаламқастың оларды жапқтыртпағанын көріп, Нәсіптің кеудесін жібере салады. – Әлі емес! Уақытың келеді… – деп сөйлеп, үйден шығып, екі қызыл армияның адамы соңынан еріп, атқа отырып шауып кетеді.
Қаламқас тез арада далаға жүгіріп шығады: – Сырдар!… Сырдар! – деп айғайлап, балаларын шақырды. Сырдар болса көрші үйдің артынан Айсұлуды қолынан жетектеп шығады. Анасы жүгіріп, екеуін қатты құшақтап алады:
– Менің жандарым!
– Әжетайым, Әжетайым? – деген дауыс құлағына келіп, әжесі өз-өзіне келгендей болды.
– Жаным, Күмісім, менің әжем, сенің атаңнын анасы соңғы күндерді осында өткізді, – деп макеттерден