Бұл «көтерілістің» мәнін түсіну үшін бізге моделімізді біршама күрделендіру керек. Олай болса кеттік.
1.7 тарау. Түпсанадағы даму және қауіпсіздік қызметтері
Егер біз өз ақыл-санамызды ірі корпорация ретінде қарастырған болсақ, компания ішіндегі әрбір функция жайлы әзірге ойламай, алдымен барлық қызметкерлердің күрделі жұмысы қалай ұйымдастырылғаны туралы түсінік алайық. Біз үшін корпоративтік ішкі қақтығыстардың мәнін анықтау маңыздырақ, өйткені біз адамның неліктен кейде іштей өз-өзімен күресетінін түсінгіміз келеді.
Егер сіз бұрын жалдамалы жұмыс істеген болсаңыз не жеке бизнесіңіз болған болса, барлық жанжалдардың негізгі себебін байқаған боларсыз. Олар әдетте мүдделердің сәйкес келмеуінен пайда болады. Ал ең көп тараған келіспеушілік бухгалтерия мен сату бөлімі арасында жиі кездеседі. Немесе заңгерлер мен клиент менеджерлері арасында. Я болмаса, егер бұл банк болса, тәуекел- менеджерлері мен несие менеджерлері арасында жанжал болып тұрады. Бұл шайқаста, байқасаңыз, есепшілер, заңгерлер, тәуекел менеджерлері, әкімшілер және т.б. жиі әділетсіз жеңіп жатады. Неліктен бұлай болады? Сату бөлімі компания үшін және барлық қызметкерлер үшін игілікті қалап, көбірек сатқысы келед емес пе? Онда неге бастық кейде сату менеджерлерінен гөрі бухгалтерді көбірек тыңдайды?
Бұл қызметкерлер арасындағы негізгі келіспеушіліктер бір топтың – алға дамуды, екіншісінің – қауіпсіздікті ойлайтынында болып отыр. Ал бұл ішкі күресте әдетте қауіпсіздікті ойлайтын топ жеңеді. Мысалы, сіз ірі, салиқалы компанияда даму жөніндегі директор ретінде жұмыс істейсіз. Бірақ егер кіруге рұқсат қағазыңызды ұмытып кетсеңіз, қауіпсіздік қызметіндегі сынақ мерзімін өтушінің өзі сізді ғимаратқа кіргізбейді. Сіз бұл компанияда осы сынақ мерзімін өтушіге қарағанда маңыздырақ адам болып көрінетін сияқтысыз, бірақ дәл осы кезде сіздің оған емес, оның сізге билігі көбірек болып тұр. Қалайша?
Тағы бір мысалды алайық, сіз клиенттермен жұмыс жасау менеджері ретінде бірнеше миллионға келісім-шартқа отырғыңыз келді делік, бірақ құжат грамматикалық қатеге не «Кеңсеге жеткізілетін 10 литр ауыз судың құнын өтеу» деген сияқты маңызды емес пункттің жазылу жолына мін таққан «қырсық» заңгер қолында ұзақ уақыт тұрып қалады. Осы әрекеті үшін оны неге жұмыстан шығармайды? Неге ол осыншалықты билікке ие, оның үстіне, бастықтың компаниясының игілігін ойласаңыз да, неге ол сізден гөрі сол заңгерді жиі тыңдайды? Сіз компанияның ілгері дамуын қалайсыз, бірақ бастығыңызбен бірге әлгі заңгер, компанияны алға дамытқысы келмейтіндей