Бірінші модульде араб терминологиясының негізгі мәселелеріне, оның ішінде термин ұғымына, араб тіліндегі қолданысы, терминге қойылатын талаптар, сонымен қатар «жалпы араб терминологиясы» ұғымына түсінік беріледі. Аббас дәуірінен бастап қазіргі кезеңге дейін Араб Шығысындағы терминологияның қалыптасып дамуы жайлы сөз болады.
Екінші модульде араб терминдерінің жасалу тәсілдері мен олардың классификациясы ұсынылып, әрбір тәсілге қосымша классификация жасалып, әртүрлі салалар бойынша терминдер беріледі.
Оқу құралы 2 модуль және 15 дәрістен тұрады. Әрбір дәрістің соңында семинар сұрақтары беріледі. СӨЖ тақырыптары ретінде студенттерге дәрістер аясында тақырыптар мен практикалық жұмыс ретінде өз беттерінше дайындалу үшін арнайы мәтіндер ұсынылады. Еңбек соңында арабша-қазақша сөздік және пайдаланылған әдебиеттер тізімі беріледі.
1-модуль
АРАБ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1-дәріс
Араб терминологиясына кіріспе: «термин» ұғымы, анықтамасы және қойылатын талаптар
Негізі терминдерден құралған, терминологиялық бірліктерді зерттейтін терминология пән ретінде ХХ ғасырда қалыптасып, тілдің лексикалық қорын байытудың көзі болып саналады. Әдеби араб тілі лексикалық тұрғыдан اللغة العامة жалпы және қосалқы тілдерден тұратын اللغة المتخصصة арнайы тіл болып екіге бөлінеді. Егер тілдің аталған екі тілінің (жалпы және арнайы) фонетикасы мен грамматикасы біркелкі болса, лексикасы әртүрлі деуге болады. Сондықтан лексиканы жалпы қолданыстағы және арнайы (терминологиялық) лексика деп бөліп қарастырамыз. Араб тілі терминологиясында зерттеу нысанына айналған мәселелер – термин және терминологияны білдіретін унификацияланған лексикалық бірліктерді, термин дефинициясын, терминге қойылатын талаптарды қарастыру. Терминология аясында қарастырылатын өзекті мәселелердің қатарына «термин» және «терминология» терминдерін беру, синонимдерге бай тілдердің біріне жататын араб тілінде көрсету жатады.
Бір терминологиялық саланың лексикалық қоры екінші терминологиялық саланың лексикалық қорынан өзгеше болуы мүмкін. Терминологияның универсалдығы лексиколог, тілші, лингвист, терминжасаушы және терминтанушы ғалымдардың назарын әлі де аударуымен түсіндіріледі. «Бүгінгі таңдағы ғылыми-техникалық саланың дамуының әсерінен тілде пайда болған жаңа сөздердің 90 % астам бөлігі арнайы лексиканы құрайды. Әртүрлі ғылым салаларындағы терминдер саны жалпы қолданылатын сөздер санынан жоғары» [1, 8-б. ]. Арнайы лексикалық бірліктердің жалпы қолданыстағы лексикалық бірліктерден саны жағынан артуы арнайы лексиканың қарқынды дамуының айғағы болып табылады. Терминологиялық лексиканың жалпы қолданылатын лексика тілінің бір бөлігі ретінде ерекшілігі – оның шектеулі қолданысы мен функционалдануы. Егер информатика саласының тілін қарастыратын болсақ, мұнда қарапайым қолданушы үшін беймәлім (тригтер, көп дәрежелі интерфейс, фазалық манипуляция және т.б.) терминологиялық бірліктердің үлкен көлемі байқалады. Араб тілінің информатика және басқа да салаларының терминдері бұл салаларда жұмыс істемейтін қызметкерлер үшін түсініксіз болуы мүмкін. Алайда заманауи ақпараттық технологиялардың дамуымен интернет және компьютер салаларындағы арнайы лексикалық бірліктер басқа салалардағы қолданушылар үшін түсінікті бола бастады. Мәселен, «القرص الصلب» қатты диск, القرص المرن» жұмсақ диск, «لوحة المفاتيح» клавиатура, «خطأ في التشغيل» жүктеудегі қате сияқты терминологиялық бірліктер аталған саланың жалпы тілде қолданылатын лексикалық бірліктерге айналғаны анық.
Терминдер мен басқа да лексикалық бірліктерді қамтитын (номендер, терминоидтер, прототерминдер, квазитерминдер) арнайы лексика жеңіл реттеледі және онда тілдің дамуы мен халықтың материалды және рухани мәдениетінің тарихымен байланыс байқалады.
Терминдер мен терминологияның басқа да мәселелерін қарастырмастан бұрын, терминнің негізгі мағынасына тоқталайық. Терминдер туралы ой-тұжырымдар конференция, семинар және дөңгелек үстелдерде талқыланып, лингвист және терминолог ғалымдардың назарын аударып, ғылыми мақалалар, тезистер, диссертация мен монографиялардың және басқа да зерттеу жұмыстардың нысаны болып отыр. «Термин» ұғымы күрделі емес болып көрінгенімен, әлі күнге дейін көпшілік мақұлдаған тұжырымдамасы мен анықтамасы жоқ. Терминнің барлық анықтамаларын қарастыруға ұмтылған терминтанушы И. Атанасова олардың (терминдердің) санының 3000-нан асқанын айтады [2]. Ал терминнің бірыңғай анықтамасының болмауы бірқатар факторлармен түсіндіріледі:
– анықтамалардың терминнің толық мағынасын бере алмауы;
– ғылым салаларының дамуымен термин анықтамасының да кеңейіп