Институционалды экономика – экономикалық мінез-құлық ережелері, олардың қалыптасуы, өзгеруі, «қызмет етуі» және ережелерді орындаудың немесе ауытқудың ұтымдары мен шығындары туралы білім жүйесі. Институционалды экономиканың жетістігі оның жаңа көзқарасты қалыптастыруымен түсіндіріледі. Бұрын экономикалық теорияда қарастырылмаған, түсініксіз болып келген құбылыстарды, үрдістерді институционалды экономика зерттей бастайды.
Институционалды экономика мемлекетпен заңдастырылған институттарды, яғни оларды сақтауға мәжбүрлейтін институттарды зерттеумен шектелмейді. Ол, сондай-ақ адамдардың күнделікті іс-әрекетіне бағытталған және зерттеушілерге көріне бермейтін заңдастырылмаған ережелерге де назар аударады. Көптеген ережелер еш жерде жазылмаған болса да адамдар оларды басқалары да ұстануы үшін сақтайды. Көптеген келісімдер анық емес, тек қана болжаммен жасалған болса да шаруашылық айналым үрдісінде сақталып отырады. Екі тарап арасындағы келісімшарттың бұзылуы, егер заңдастырылмаған болса, адамдар өздерінің қолжетімді келісімшарттық амалдары арқылы бұл заң бұзушылықтың алдын алуға тырысады. Құқықтық жүйе адамдардың серіктестігіне септігін тигізеді немесе керісінше қиындатады, қоғамның әлеуметтік капиталының еселенуіне әкеледі немесе оны құлдыратады.
Жалпы алғанда, институционалды экономика адамдардың мемлекет тарапынан бақыланбаса да бұл тәртіпті неліктен ұстанатындығына жауап бере алады және бұл мүмкін болатын талаптарды көрсетеді.
Оқу құралының мақсаты – жаңа институционалды теорияның ағымдағы дамуы, негізгі зерттеу құралдары және ұстанымдарын қарастыру.
Бұл оқу құралы университеттің кітапхана қорында бар оқулықтарға қазақ тіліндегі қосымша оқу құралы ретінде ұсынылып отыр. Оқу құралында тараулар арасындағы, алдын ала оқылатын пәндермен логикалық сабақтастық сақталды, әсіресе студенттердің экономика қағидалары курсы бойынша меңгерген білімдері материалды жүйелеуде ескерілді.
Институционалды экономиканың өзіндік терминологиясы болғандықтан, негізгі ұғымдары арнайы сөздікте топтастырылды және әрбір тараудың соңында студенттердің материалды меңгеруін пысықтау мақсатында бақылау сұрақтары, тест тапсырмалары берілді.
Оқу құралы экономикалық мамандықтардың жоғары курс студенттеріне арналған.
1. ИНСТИТУЦИОНАЛДЫ ЭКОНОМИКАНЫҢ ӘДІСТЕМЕСІ
1.1. Институционалды экономикалық теорияның қалыптасуы және дамуы
Қазіргі институционалды теория ХХ ғасырдың екінші жартысында нақты тарихи алғашарттар негізінде қалыптасты. Бұл мерзімде дамыған елдер экономикасына монополияның үлесі жоғарылады, еркін бәсекелестік азая түсті, дағдарыстар көбейді, созылмалы жұмыссыздық орын алды, мұның барлығы еркін бәсекеге негізделген классикалық теория қағидаларының нақты жағдайларға сәйкес еместігін көрсетті. Ең басты себеп ретінде неоклассикалық теорияның нақты экономикалық мәселелерді түсіндірудегі қолданылу ауқымының тарылуы қарастырылады.
ХІХ ғасырдың аяғы және ХХ ғасырдың бас кезінде экономика ғылымында басымдық танытқан неоклассикалық бағыт экономиканы өздігінен реттелетін жүйе ретінде анықтап, құн қалыптасу үрдісі нарықтағы ұсыныс пен сұраныс арқылы, яғни игіліктің шекті пайдалылығына негізделген тұтынушы талғамы арқылы түсіндірілді. Неоклассикалық бағыттың зерттеу әдістері қатарында статикалық талдау, математикалық әдіс кең қолданылып, олардың көмегімен нарықтық экономиканың тиімділігін дәлелдеуге әртүрлі жағдайда таңдау жүргізуші индивидтердің мінез-құлқын дәл суреттеуге тырысты. Таңдаудың пәні, таңдау жасаудағы сыртқы жағдайлар, тарихи кезең сияқты басқа да факторлар ескерілмеді. Демек, шектелген ресурстар жағдайында кез келген таңдау жүргізуді талдауда неоклассикалық талдамалық модель өзгеріссіз қолданылған.
Классикалық экономикалықтеорияның космополитизмі, оның кез келген жағдайлардағы әмбебаптылығыньщ күмәнділігі алғаш рет тарихи мектеп өкілдері Ф. Лист, Г. Шмоллер, Л. Брентано, К. Бюхер, В. Зомбарт, М. Вебердің еңбектерінде, ал кейіннен Дж. Кейнс көзқарастарында да байқалды. Сонымен қатар неоклассикалық модельдің қолданылу ауқымын тарылтатын бірқатар шектемелер неоклассикалық нарықтың негізгі шарттарынан, олардың қарама-қайшылықтарынан туындайды.
Біріншіден, неоклассикалық нарық моделінде таңдау жүргізуші индивидтердің толық ақпаратқа ие болуы қарастырылады. Нарық жағдайы туралы барлық қажетті ақпарат баға арқылы алынады және тепе-теңдік бағасы туралы ақпарат айырбасқа қатысушыларға өз мүдделеріне сай мәміле жасауға мүмкіндік беретіні болжамданады. Алайда ақпараттың толықтығы бағаның орталықтан қалыптасуы және локальды нарық жағдайында орындалады.
Екіншіден, мәмілеге қатысушылардың өзара барынша аз тәуелділігі, бір индивидтің таңдау туралы шешімі басқалардың шешімдеріне тәуелсіз және оларға әсер етпеуі тұжырымдалады. Шешім қабылдаудағы барынша аз тәуелділік жетілген бәсеке нарығында мүмкін. Жетілген бәсеке жағдайында экономикалық таңдаудың нысаны