Дегенмен, бүгінгі күні жалпы шеңбері айқындала түскен жаһандық интеграция үрдісі оп-оңай қалыптаса қалған жоқ. Өйткені халықаралық қатынастар тарихының әр кезеңінде екі үрдістің, яғни ынтымақтастықпен қатар бақталастықтың да байқалуы заңдылық еді.
Мәні жағынан тарихи бұл үрдістердің қатынасы, қазіргі жағдайда олардың өзаралық ықпалы, әлемдік қоғамның жан-жақты өмірінің тығыз үйлесуі барысында өтуде. Көп ретте, осы жағдай, бүгінгі күні Батыстың алдыңғы қатарлы елдері арасындағы қарым-қатынастың дамуында, бақталастықтан гөрі ынтымақтастық үрдісі басым бола бастауына өз үлес-әсерін тигізуде.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарда еуропалық интеграцияға ұмтылған Еуропа мемлекеттері Еуропалық Одақ көлемінде өздерінің бүгінгі күні шын мәнінде халықаралық үздік интеграциялық үрдіс болуға лайық саяси-экономикалық, мәдени үйлесуін дамытты. Еуропалық Одақтың қазіргі, заманына сай қоғамдастық болғандығына, оған мүше елдерге қаншалықты тиімді екендігіне, уақыт өткен сайын осы Одақтағы мүше мемлекеттер санының өсуі дәлел бола алады.
Люксембургтік премьер-министр Жак Санте өзінің Халықаралық Ұйымда сөйлеген бір сөзінде: “Еуропаға деген сезім мен ашық айқындалған еуропалық ойлау қабілетіне тек саяси деңгейде ғана жету мүмкін емес. Парасатты экономикалық интеграциямен қатар бізге мәдени пара-парлық қажет. Біз алдыңғы орынға өзіміздің жалпы мәдени мұрамызды көбірек итермелеуге тиіспіз”, – дейді [1, s.3]. Осы жолда, белгілі еуропалық саясаткер Х.Мюнклер
“Еуропаға анықтама беру үшін ең алдымен оны мәдени-саяси әралуандылығымен теңестіру керек. Әралуандылығы аяқталған тұста, Еуропа да құриды”, – деп көрсетеді [1, s.3].
Еуропалық интеграция шеңберінде еларалық байланыстың қандай күрделі де шытырман тарихи жолдан өткендігін бүгінгі күні осы Еуропалық Одақта терезесі тең болып, тығыз ынтымақтастық күйін кешіп отырған Германия мен Францияның өткен уақыттағы өзара қарым-қатынастарының даму эволюциясынан айқын аңғаруға болады.
Бүкіләлемдік халықаралық қатынастар жүйесінде герман-француз қатынастарын қай жағынан сараптасақ та ғасырлар бойы ең басты да, өте күрделі мәселелердің бірі болып келгені белгілі. Сонымен қатар, бұл қарым-қатынас ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы, сондай-ақ екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі уақыттағы жер әлеміндегі халықаралық өмірдің күн тәртібіндегі аса өзекті де, күрделі саяси мәселелер қатарында тұрды.
Батыс Еуропадағы бейбітшіліктің нығаюы мен сақталуының, келешек экономикалық, саяси, әскери және мәдени интеграциялық үрдістердің нәтижелі болуы, ең алдымен екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары осындай шиеленісті жағдайдағы герман-француз қарым-қатынасындағы қайшылықтарды жеңе білу деңгейімен өте тығыз байланысты болды. Олар сол маңызды міндетті түсініп, еуропалық интеграцияның негізін қалауға бел буды.
Ізгі ниетпен басталған еуропалық интеграцияның қалыптасу үрдісі бүгінгі таңда әлемнің бірқатар аймақтарына үлгі болары сөзсіз. Ал герман-француз қарым-қатынасының саяси тұрғыдан орнығуының мәні ерекше. Сондықтан да, бұл мәселені зерттеп білу – қазіргі уақытта тек ғылыми жағынан ғана емес, сондай-ақ өркениетті дамуға ұмтылған жас тәуелсіз елдер үшін де саяси-экономикалық тұрғыдан алғанда өмірлік қажеттілік болып табылады.
Бұл монографиялық жұмысты жазу барысында автор мәселенің тарихи астарларына да елеулі көңіл бөле кеткен жөн деп білді. Германия мен Францияның өткен кезеңдегі өзара қарым-қатынастары, екі ел арасындағы қатынаста, бүгінгі нақтылы өмірде де өзіндік әсерін тигізіп жататындығы айқын. Екінші дүниежүзілік соғыстағы ауыр зардаптарға тап қылған екі мемлекет арасындағы шиеленістік екендігін түсінген екі ел, адамзат баласының жаңа даму сатысында мемлекетаралық қайшылық – халықтарды күйзелтуге ғана бастайтындығына көздерін жеткізгендей. Сондықтан да ендігі жерде келешек ұрпақтың қамы үшін, өркениетті ел болу үшін екі мемлекеттің бір мәмлеге келуі – аса қажеттіліктен туындады.
Монографиялық жұмыстың алдына қойған мақсаты мен міндетін орындауда негіз болған деректердің шығу тегіне қарай оларды бірнеше топтарға бөліп, сұрыптауға болады. Осы тақырыпта зерттеу жүргізу барысында Германия Федеративтік Республикасының Негізгі заңы, Бундестаг мәжілістеріндегі талқылаулар мен нақтылы сыртқы саяси қатынастарға қатысты құнды хаттамалары, Франция Республикасының Конституциясы мен Ұлттық Жиналысының халықаралық мәселелерге, оның ішінде Германия арасындағы қарым-қатынасына байланысты хаттамалары, маңызды деректерін, үкіметтің ұстаған ресми көзқарасын білдіретін қаулысын кең